ШҚО-да заңсыз ет тасымалдағандарға айыппұл салынды

3 Қазан 2021, 17:15
4230
Бөлісу:
ШҚО-да заңсыз ет тасымалдағандарға айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері мал ұрлығына тосқауыл қою үшін ет өнімдері сатылатын орындарға рейд жүргізді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, криминалдық полиция қызметкерлері, Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары және ветеринарлардың қатысуымен ет өнімдері сатылатын базарлар, павильондар, жәрмеңкелер мен дүкендерге рейд жүргізілді. 

Қылмыстарға жасалған талдау нәтижесінде, күз басталуымен сауда орындарында ұрланған малдың етін сату фактілерінің саны артқаны белгілі болып отыр. Шара барысында Өскемен және Семей қалаларының ет сату орындары және ет тасымалдаған 52 автокөлік тексерілді. ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес (ет өнімдерін тасымалдау ережелерін бұзу) 16 адам әкімшілік жауапқа тартылды, - деп хабарлады ведомство өкілдері. 
Сонымен қатар полиция қызметкерлері жеке кәсіпкерлерге қылмыстық жолмен алынған өнімді сатып алғаны үшін жауапқа тартылатындығы туралы, тиісті құжаттарды рәсімдеу қажеттілігі жайлы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.



Өзгелердің жаңалығы