ШҚО-да сот шешімдерінің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде

19 Наурыз 2021, 10:56
1962
Бөлісу:
ШҚО-да сот шешімдерінің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс өңіріндегі мамандандырылған соттар шығарылған шешімдердің сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Елімізде халықтың сотқа деген сенімін арттыру және шығарылатын шешімдердің сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі.

Осындай игі істің бірі – мамандандырылған тергеу соттарын құру болды. Бүгінде аталған сот арқылы бірқатар құқық қорғау органының жұмысы жеңілдеп қана қоймай, сонымен қатар азаматтарға өз құқықтарын қорғаудың жаңа кеңістігі ашылды. Бұл туралы Өскемен қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Санат Сәрсенбаев айтып берді.

Тергеу соты - азаматтардың конституциялық құқығы мен адам бостандығының гаранты. Ол қылмыстық іс жүргізудің сот дейінгі тергеудегі адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, негізсіз шектеуге жол бермеуді қамтамасыз етуге бағытталған қызметті асыратын сот, яғни сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен қабылданған процесуалдық актілерінің заңдылығына баға беретін сот.

Сотқа дейінгі іс жүргізу кезіңіндегі сот бақылауының негізгі бағыттарына - бұлтартпау шараларын қолданудың және тергеу әрекеттерін жүргізудің заңдылығы мен негізділігі мәселелерін қарау, қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында жүзеге асыратын тергеп-тексеру органының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне, сондай-ақ прокурордың, қылмыстық қудалау органдарымен қабылданған шешімдеріне қатысты шағымдарды қарау болып табылады. 2018 жылдың шілде айынан бастап бұл өкілеттіліктер тергеу сотына берілді, – дейді Санат Сәрсенбаев.

Бүгінгі күні тергеу сотына еліміздің Қылмыстық-процестік кодексінің 55-бабы бойынша 18 түрлі санкциялау құзыреті берілген. Сонымен қатар тергеу судьясы тез бұзылатын немесе қылмыстық істі мәні бойынша шешкенге дейін ұзақ сақталуы елеулі материалдық шығындарды қажет ететін дәлелдемелерді өткізу туралы мәселені қарайды.

Біздің сотқа берілген өкілеттіліктердің ішіндегі маңыздысының бірі - жәбірленуші мен куәның айғақтарын сақтауға қою. Көрсетілген өкілеттілікті жүзеге асыру барысында тергеу соты сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәның айғақтарын сақтауға қояды. Мұның себебі бар, көп жағдайда жасөспірімдер мен кәмелеттік жасқа толмағандарға бағытталған қылмыс жасау кезінде олар психикалық жарақат алады. Оларға қатысты зорлық-зомбылық көрсетілген қылмыс жасалған жағдайда, оларды қайтадан сотқа шақырып, алған психикалық жарақаттарын одан әрі ушықтырмау мақсатында, олардың айғақтары сақтауға қойылады және олар сот процесіне шақыртылмайды, – дейді Санат Сәрсенбаев.

Бүгінде барлық құқық қорғау органымен тығыз байланыс орнатқан Өскемен қалалық мамандандырылған тергеу сотында 13 адам қызмет етуде. Мұнда соттың төрағасымен қоса үш судья санкциялау және шағымдар бойынша шешім қабылдаса, кеңсе қызметкерлері соттың жүйелі жұмыс істеуін қаматамасыз етеді. Ал тергеу соты жоқ жерлерде аталған өкілеттілікпен аудандық, қалалық соттардың құрамындағы тергеу судьялары айналысады.

Мамандандырылған тергеу соттарының тағы бір ерекшелігі – жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау болып табылады. Жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау басқа аудандық соттар мен сол соттағы судьялар құзіретіне берілмеген. Сондай-ақ бізде сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Ел Президентінің «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын да әсе естен шығармай, осы салада жүйелі жұмыстар атқарамыз. Яғни сотқа келген адам әділдік іздеп ең соңғы сатыға келетіні белгілі. Міне осындай кезде біз олардың жан айқайын ести алатындай болуымыз керек, – деп қосты Санат Сәрсенбаев.

Айта кетсек, Өскемен қаласының мамандандырылған тергеу соты құрылғаннан бергі уақыт ішінде Қылмыстық процессуалдық кодекстің 55-бабы бойынша 7 мыңдай талап-тілек қаралған. Бұл соңғы үш жылдың көрсеткіші. Оның ішінде 6225 талап-тілек иесі өз сұраныстарына қанағаттанарлық жауап алған. Сонымен қатар жоғарыда көрсетілген кодекстің 106-бабы бойынша 750-дей шағым келіп түскен. Келіп түскен шағымдарды динамикалық тұрғыдан саралайтын болсақ, тұрғындардың бұл сотқа деген сенімінің жыл сайын артып келе жатқанын байқауға болады. Тергеу кезінде өз құқықтарына қатысты сенімсіздік танытқан азаматтар тергеу сотына келіп, әділдік тапқан.

Өзгелердің жаңалығы