ШҚО-да он спорт түрінен қосымша 1 268 секция ашылады

25 Тамыз 2021, 12:15
2984
Бөлісу:
ШҚО-да он спорт түрінен  қосымша 1 268 секция ашылады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде қабылданған дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың Кешенді жоспарында балалар мен жасөспірімдер спортына көбірек көңіл бөлінген.

Өткен Токио олимпиадасының еліміз үшін үлкен сынақ болғаны рас. Ел спортшылары бұл жолы көпшіліктің үмітін ақтамады. Бұған дейінгі додаларда дес бермейтін қазақстандық спортшылардың қарқыны азайғаны ма, әлде бұл салаға деген көңілбөлушіліктің төмендегі ме? Қалай десек те, бұл жолғы дүбірлі додадан қанжығамызға саф алтын байланбады. Осыған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде кенжелеп қалған бұқаралық және балалар спортын дамытып, білікті спортшыларды көпшілік арасынан шығару жөнінде тапсырма бергені белгілі.

Осы ретте ел құрамаларын спортшылармен толтыруда өзіндік үлесі бар Шығыс Қазақстан облысында аталмыш мәселе қандай деңгейде тұрғанына тоқталып өтуді жөн көрдік. Бүгінде бұқаралық және балалар арасындағы спортты дамытуға қосымша 624,5 млн. теңге мөлшерінде қаражат қарастырылған өңірде 192 мың бала болса, оның 30 мыңы, яғни 15,6 пайызы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде шұғылданатын балалар. Бұдан бөлек, жалпы білім беретін мектептердегі балалардың 41,2 пайызы спорт секцияларына қатысады. Ал, спортпен айналысатын тұрғындардың саны 427 мың адамнан асып жығылып, жалпы халық санының 31,3 пайызын құраған.

Қазіргі таңда облыста 38 спорт мектебі болса, оның 11-і мамандандырылған, 27-сі жасөспірімдер спорт мектептері. Оларда 29 179 адам спортпен шұғылданады. Өткен жылғы статистикалық есепке сүйенсек, облыстағы спорт мектептерінде 64 спорт түрі бойынша 311 бөлімше ашылған, - дейді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсұмбаев.

Бұдан бөлек, бүгінгі күні облыста тоғыз мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектептері жұмыс атқаруда. Оларда жас мөлшері 8-ден 16 жас аралығындағы 7,5 мыңнан астам спортшы жаттығады. Басқарма өкілінің хабарлауынша, бүгінде аймақта спорт түрлері бойынша басымдылық волейболға, бокс пен қазақ күресіне берілген. Сондай-ақ, басымдылық берілген бірінші ондыққа еркін күрес, дзюдо, футбол, жеңіл атлетика, грек-рим күресі, шайбалы хоккей, қол күресі сияқты спорт түрлері де кіреді.

Жыл сайын өңірде спорт шеберлері мен спорт шеберіне үміткерлер саны да артып келеді. Атап айтсақ, жыл басынан бері спорт шеберлері 31, ал спорт шеберіне үміткерлер саны 415 адамға артқан.

Облыстағы 11 540 спорт секциясында 5 284 жаттықтырушы жұмыс істейді. Сонымен қатар, жоғарғы спорт шеберлігі мектептерінде, спортта дарынды балаларға арналған Шығыс Қазақстан облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде, балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінде, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 1186 жаттықтырушы жұмыс істесе, оның 102-сі жоғары санатты, 205-і брінші санатты, 182-сі екінші санатты жаттықтырушы болып келеді, - дейді Серік Құсұмбаев.

Дей тұрғанмен, бүгінде облыста білікті жаттықтырушы-оқытушыларға деген қажеттілік жоқ емес. Бірақ, бұл бағытта жаттықтырушылардың біліктіліктерін арттыруға және тәжірибе алмасу үшін шетелдік жаттықтырушыларды тартуға бағытталған жұмыстар жүргізілетінін алға тартқан жауапты тұлға, осы мақсатта біліктілікті арттыру курстарының да жиі жүргізіліп тұратынын тілге тиек етті.

Соңғы екі жылда коронавирустық пандемияның көп нәрсеге шектеу болғаны белгілі. Соған қарамастан барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, ірі спорттық шараларға деген дайындық жалғасын табуда. Мұның бір көрінісі, биылғы Токио олимпиадасына 10 шығысқазақстандық спортшының олимпиадалық лицензияны жеңіп алуы болды. Қазіргі уақытта өңірдің спорт мектептері келесі жылдың 4-22 ақпаны аралығында Бейжің қаласында өтетін қысқы Олимпиадаға спортшыларды даярлауға кірісіп кеткен.

Өткен жылы дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары қабылданып, онда балалар мен жасөспірімдер спортына көбірек көңіл бөлінді. Жоспарға сәйкес, бұқаралық спорт түрлері бойынша балалар арасында көп кезеңдік спорттық жарыстар әзірленді. Бұған қоса, биылғы жылдың бірінші сәуірінде дене шынықтыру және спорт пен білім басқармалары арасында дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, оған сабақтан тыс уақытта спорт түрлері бойынша спорт секцияларын ұйымдастыру үшін жаттықтырушы-оқытушыларға спорт залдарын өтеусіз беру жайы көрсетілді, - деп қосты Серік Құсұмбаев.

Сонымен қатар, облыста бұқаралық спорт түрлерімен айналысатын оқушыларды қамту көрсеткішін ұлғайту, қосымша спорт секцияларын ашу және қажетті спорттық құрал-жабдықтармен жарақтандыру мақсатында бұқаралық спорт түрлерін дамытуға бағытталған Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Бұған қоса, алдағы уақытта облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасына сәйкес, волейбол, баскетбол, гандбол, футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, шайбалы хоккей, жеңіл атлетика және еркін күрес сияқты спорт түрлерінен 1268 қосымша спорт секциясын ашу көзделген.

Жалпы, спорт барлық жайлы жағдайы істелген жерде ғана жақсы дамитыны белгілі. Ал, мұндай жағдайды қалай жасауға болады? Бұл бірінші кезекте спортпен шұғылданатын мамандандырылған нысанның болуы және олардың қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуімен тығыз байланысты. Бүгінде бұл бағытта қол қусырып отырмаған өңір басшылығы өткен жылы ғана бес ауданда төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен екі бассейнді пайдалануға берді. Бұдан бөлек, қазіргі күні аудан орталықтары мен шекаралық ауылдарда 13 спорт нысанының құрылысы қызып тұр. Оның тоғызы «Ауыл-Ел бесігі», біреуі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында салынып жатса, үшеуі облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылуда.



Өзгелердің жаңалығы