ШҚО-да балық инспекциялары жол талғамайтын автокөліктермен толықты

1 Желтоқсан 2021, 14:21
1397
Бөлісу:
ШҚО-да балық инспекциялары жол талғамайтын автокөліктермен толықты
PHOTO
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда балық шаруашылығы саласын бақылайтын инспекциялар жол талғамайтын жеті автокөлікпен толықты.

Зайсан-Ертіс облысарлық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының басшысы Санақбек Кітапбаевтың айтуынша, аталмыш шаралар балық қорғау және қорын молайту бағытындағы шаралар аясында қолға алынған.

2020 жылдың соңында бізде балық шаруашылығын дамытуға байланысты өңірлік бағдарлама қабылданған болатын. Оның негізінде 2020-2030 жылдар аралығында балық шаруашылығын ілгерлетуге байланысты республикалық бағдарлама дайындалды. Аталмыш құжаттар балық аулаудан гөрі балық қорын молайтуға негізделген бағдарламалар болып табылады. Жалпы Шығыс Қазақстан облысы бойынша 2030 жылға қарай Шығыс Қазақстан облысы бойынша балық өсіру көрсеткішін 9774 тоннаға, ал Павлодар облысы бойынша 10 мың тоннаға жеткізу көзделген, – дейді Санақбек Кітапбаев.

ШҚО-да балық инспекциялары жол талғамайтын автокөліктермен толықты

Оның айтуынша, балық қорын қорғау және молайту бағытында инспекцияға 2015 жылы бес автокөлік берілген екен. Сол уақыттан кейін инспекцияның материалдық-техникалық базасы автокөліктермен толықпаған. Биыл инспекцияға жол талғамайтын «JAC» маркалы жеті автокөлік бөлінді. Аталған автокөліктердің бесеуі Зайсан-Ертіс су бассейнінің маңында орналасқан аудандардағы бөлімшелер берілсе, қалған екеуі Семей және Павлодар қалаларындағы бөлімшелерге табысталмақ.

Соңғы жылдары балық шаруашылығын дамыту, қорын сақтауда материалдық-техникалық базаны дамыту бағытындағы жұмыстарға министрлік пен Балық шаруашылығы тарапынан қыруар қаражат бөлінуде. Оның бір айғағы, республика бойынша бөлінген 47 автокөлік болды. Оның жетеуі Шығыс өңірінде орналасқан инспекцияның теңгеріміне өтті. Сондай-ақ жақын арада материалдық-техникалық базаны жаңа жүзу құралдарымен, қайық қозғалтқыштарымен, қарда жүретін техникалармен толықтыру қажеттігі бар.

Биыл жыл басынан бері тауарлы балық өсірудің нақты көлемі ШҚО бойынша 480 тоннаны, ал Павлодар облысы бойынша 30 тоннаны құрады.

Жыл басынан бергі аралықта инспекция бақылаудағы аумақта табиғатты қорғау заңнамасы нормаларының сақталуын тексеру бойынша 1625 жедел рейд жүргізіп, балық ресурстарын қорғау саласында 924 бұзушылықты анықтады. 899 адам жауапкершілікке тартылып, оның ішінде өрескел бұзғаны үшін 136 материал сотқа жолданды. Жалпы, 17 миллион теңгеге жуық айыппұл өндірілді. Сонымен қатар, тоғыз қылмыстық іс қозғалып, бесеуі сот арқылы қаралды. Қалған төртеуі қазіргі уақытта қаралу үстінде. 70 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық, 800 аулау құралдары тәркіленді, – дейді Санақбек Кітапбаев.

ШҚО-да балық инспекциялары жол талғамайтын автокөліктермен толықты

Балық шаруашылығын дамыту мақсатында жергілікті су айдындарының сегізі, Павлодар облысының тоғызы кәсіпкерлерге бекітіліп берілсе, қалғандары бойынша жұмыстар жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, халықаралық дәрежедегі су айдындарының бесеуі бекітіліп, енді біреуіне қатысты конкурстық жұмыстардың нәтижесі жыл соңына дейін белгілі болмақ.

Су айдындарын жалға алушыларға мемлекеттік қолдау да бар. Атап айтсақ, жем сатып алуға 30 пайыздық, материалдық-техникалық базаны жаңартуға 25 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Оған қоса, жеті түрлі балық өсіруге субсидиялау шаралары қарастырылып, балық негіздемесін жасауға, балық шабақтарын, аталықтары мен аналықтарын сатып алуға 50 пайыздық көмек көрсетіледі, – деп қосты Санақбек Кітапбаев.

Қоса кетсек, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының балық шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындарына балық жіберу 2021 жылдың көктемгі-күзгі кезеңінде балық шаруашылығын дамыту жоспары шеңберінде инспекция қызметкерлерінің, жергілікті атқарушы органдар, ғылыми ұйымдар мен балықшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен комиссиялық түрде жүзеге асырылды. Қос өңірде 103 млн. теңге қаражатқа 24,8 млн. данадан астам балық жіберілді. Сондай-ақ, бітеліп қалған тоғандардан 8,9 млн. дана балық шабағы ауланып, ашық су айдындарына жіберілді. Балық пен басқа да су жануарларының қырылып қалмауын болдырмау мақсатында мұз қабатын бұрғылау шараларын жүргізді. Жалпы, балық шабақтарын құтқаруға 120 адам мен 41 автокөлік жұмылдырылған.

Өзгелердің жаңалығы