ШҚО-да ауыл-аймақтағы медицинаны дамытуға ерекше көңіл бөлінген

7 Сәуір 2021, 13:48
2000
Бөлісу:
ШҚО-да ауыл-аймақтағы медицинаны дамытуға ерекше көңіл бөлінген

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл өңірде ауыл-аймақтың медицинасын дамытуға бағытталған жоспарлы жұмыстар жалғасын табады.

Бұл туралы баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков хабарлады. Оның айтуынша, елімізде орын алған коронавирустық пандемияға қарамастан бұл мәселеге көңіл барынша бөлінген. Яғни, ауыл медицинасын дамытуға бағытталған жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде ауыл халқына көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі артқан. Алтай және Аягөз қалаларында заманауи құрылғылармен және жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етілген кардиологиялық орталықтар, сондай-ақ үшінші деңгейлі босану бөлімшелері, ауданаралық травматологиялық бөлімдер ашылды. Осының арқасында 300 мыңнан астам ауыл тұрғындарын мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтуға қол жеткізілді.

Шалғайдағы ауыл-аймақтардың тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамту мақсатында қазіргі уақытта қолда бар алты жылжымалы медициналық кешенге қосымша тағы 10 кешен сатып алынды. Бұл өз кезегінде барлық аудандық ауруханаларды арнайы көлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. «Ана мен бала» орталығында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің оңалту орталығы ашылды. Заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген бұл орталық балаларды оңалту ісін алға жылжытары сөзсіз, - деді Ермек Омарбеков.

Сонымен қатар, Жедел жәрдем және алғашқы медико-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру станциясының мамандандырылған автокөлік паркі 216 автокөлікпен толықты. Бұдан бөлек, өңірдің пульмонологиялық көмек көрсету саласы да жаңа серпін алып, заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген жаңа пульмонологиялық орталық ашылды.

Ермек Омарбековтың айтуынша, биыл денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру кешенді бағдарламасына сәйкес, ауылдық округтердегі босануға көмектесу қызметін ұйымдастыру деңгейі арттырылған. Атап айтсақ, Марқакөл ауылындағы аудандық аурухана атамыш қызмет түрінің бірінші деңгейіне көшіріледі. Бұған қоса, Тарбағатай, Глубокое, Үржар, Жарма, Катонқарағай аудандары мен Риддер қаласының аудандық ауруханалары біріншіден екінші деңгейге көшеді.

Биылғы жылдың соңына қарай Семей қаласында қолданысқа қайта берілетін радиологиялық орталық жұмысын бастайды. Өскеменде гематологиялық орталықтың құрылысы басталды. Сондай-ақ, биыл алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін бес нысан салынып, Алакөл жағалауында фельдшерлік-акушерлік пункт ашу жоспарланған. Оған қоса, Күршім, Үржар, Глубокое аудандарында төрт дәрігерлік амбулатория пайда болады.

 

Өзгелердің жаңалығы