Президент Шұғыл әрекет ету штабын құруды тапсырды

9 Наурыз 2020, 13:12
9886
Бөлісу:
Президент Шұғыл әрекет ету штабын құруды тапсырды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл штаб әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделенуіне байланысты дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспарын әзірлеу үшін жасақталады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және мемлекет басшысына тікелей бағынышты органдардың жетекшілерімен кеңес өткізді. Онда әлемдегі қаржылық-экономикалық ахуал және оның Қазақстан экономикасына әсері жөнінде мәселелер талқыланды.

Президент Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Басты тапсырма – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау.

3283ce8aabce1f6a10de1c4cb046c3f6.jpg

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, премьер-министрдің тікелей басшылығымен Шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспары әзірленеді, ірі кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жөнінде арнайы жоспар дайындалады. Президент халықты мүмкіндігінше көбірек жұмыспен қамту мәселесін аса маңызды деп санайды.

Әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделенуіне байланысты дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспарын әзірлеу үшін премьер-министр басқаратын Шұғыл әрекет ету штабын құруды тапсырдым. Мемлекет өзінің барлық міндеттемелерін толық орындайды. Қосымша жұмыс орындары ашылады, - деп жазды президент өзінің Twitter-дегі парақшасында.
Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөнінде ұсыныс енгізеді.  

Мемлекет басшысы бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті   бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

 Бұған дейін мемлекет басшысының ҚР сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткені туралы хабарланған.
Өзгелердің жаңалығы