Соңғы уақытта соттарға шетелге жұмысқа орналастыру қызметіне ақы төлеп, нәтижесінде нақты жұмыс орнының орнына тек жалпы кеңестер мен уәделер алған азаматтардың арыздары жиілеп келеді. Осындай істердің бірін Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс материалдарына сәйкес, елорда тұрғыны А. Еуропа елдеріне жұмысқа орналастыруға көмектесуге уәде берген кәсіпкермен келісімшарт жасаған. Қызмет құны 600 мың теңге болып белгіленіп, талапкер алдын ала 400 мың теңге төлеген.
Шарт бойынша кәсіпкер бос жұмыс орнын іріктеу, кеңес беру, дағдыларын тексеру, құжаттарды дайындау және шетелдік жұмыс берушіден мақұлдау алуға көмектесуі тиіс болған. Алайда бірнеше ай өткеніне қарамастан, талапкерге жұмыс табылмаған. Ақшасын қайтаруды сұраған кезде кәсіпкер қызмет толық көрсетілді деген акт жолдаған. Бірақ талапкер бұл құжатқа қол қоюдан бас тартып, сотқа жүгінген. Сот барысында кәсіпкер тек жалпы кеңестер жазылған жадынама жіберіп, талапкердің деректерін шетелдік серіктеске жолдағаны анықталды. Ал нақты жұмыс іздеу, әңгімелесу ұйымдастыру немесе жұмыс берушінің мақұлдауын алу бойынша дәлелдер ұсынылмаған, - делінген сот хабарламасында.
Сот шартта көрсетілген қызмет толық әрі сапалы орындалуы тиіс екенін атап өтті. Тек хат алмасу мен жалпы нұсқаулықтар нақты көмек көрсетуді алмастырмайды.
Нәтижесінде сот талапкер пайдасына төленген қаражатты, моральдық зиян өтемақысын және сот шығындарын өндіріп беру туралы шешім шығарды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.