Шетелге көшіп кеткен азаматтарға 8 млн теңгеге дәрі-дәрмек рәсімделген

27 Қаңтар 2025, 11:25
231
Бөлісу:
Шетелге көшіп кеткен азаматтарға 8 млн теңгеге дәрі-дәрмек рәсімделген
Фото: BAQ.KZ архив

Мұндай бұзушылық Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудитте анықталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов атап өткендей, аудит бүкіл денсаулық сақтау жүйесі мен негізгі мемлекеттік органдардың бірыңғай ақпараттық ортасының арасында байланыстың жоқ екенін көрсетті.

Мәселен, Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін салыстыру кезінде шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға 8 млн теңгеге дәрі-дәрмектер ресімдеу фактілері анықталды, - деп айтты ол.

Оның мәліметінше, аудит кезеңінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және Тегін кепілдендірілген медициналық көмек есебінен медициналық қазметтер көрсетуге бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану 31 млрд теңгені, оның ішінде Ұлттық қордың қаражаты 13,2 млрд теңгені құрады.

Тиімсіздіктің негізгі себептері сапасыз жоспарлау, яғни уақтылы құқықтық құжаттарды бекітпеу, қалдықтарды ескермеу және т.б. Сондай-ақ қордың республикалық бюджет пен Медициналық сақтандыру жүйесінің қаражаттарының пайдалануына қатысты қаржылық есептерді Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнама аясында қалыптастырып, ұсынбағаны анықталды. Бұдан басқа, Шығыс Қазақстан облысының медициналық ұйымдары амбулаториялық-дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге дәрілік заттар бойынша бухгалтерлік есепті жүргізбеу фактілері болған, - деп түсіндірді аудитор Мәжілісте.

Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмекті нақты медициналық қызмет көрсетпей, яғни тіркелген халықтың жан басына шаққандағы тариф арқылы қаржыландыру тәртібі де назар аударуды талап етеді.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Үкіметке халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің нақты көлемі үшін қаржыландыру әдісін енгізе отырып, амбулаториялық-емханалық көмек аясында денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландыру тетігін қарау жөнінде ұсыныс берді.

Айта кетейік, аудиторлар МӘМС-ті тексергені туралы осыған дейін жазғанбыз. 2031 жылдан бастап МӘМС міндеттемелерін орындай алмайтыны туралы да айтылды.

Өзгелердің жаңалығы