Шетелдіктерге жерді сату мәселесі: Пікірталасқа нүкте қойылды – Ерлан Қарин

29 Наурыз 2021, 12:48
1332
Бөлісу:
Шетелдіктерге жерді сату мәселесі: Пікірталасқа нүкте қойылды – Ерлан Қарин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент көмекшісі Ерлан Қарин телеграмдағы арнасында шетелдіктерге жерді сатуға қатысты әлеуметтік желідегі алыпқашпа пікірлерге қатысты ойын білдірді.

Әлеуметтік желілерде шетелдіктерге жерді сату мәселесі Жер комиссиясы аясында қайта қаралуы мүмкін деген пікірлерді кездестіруге болады. Мұның бәрі жалған, алыпқашпа әңгімелер. Бұл мәселе бойынша пікірталасқа нүкте қойылды! – деп жазды ол.

Қарин атап өткендей, 12 наурызда Президент өзінің заң шығару бастамасы құқығын пайдаланып, шетелдіктерге жер сатуға және жалға беруге тыйым салатын тиісті заң жобасын Парламентке жолдады.

Құжатты депутаттар бірден жұмысқа қабылдады және қазірдің өзінде белгіленген тәртіп аясында қарастырылуда. Атап айтқанда, Мәжілісте аталған заң жобасы бойынша қоғам өкілдерінің, мемлекеттік орган өкілдерінің, парламенттік емес партиялар мен сарапшылардың қатысуымен жұмыс тобы құрылды. 18 наурызда Парламент қабырғасында жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Бүгін күннің екінші жартысында осы топтың кезекті отырысы өтуі тиіс. Процесс қызу жүріп жатыр, - деп түсіндірді Президенттің көмекшісі.

Оның сөзінше, жер комиссиясы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың басқа да мәселелерін қарайтын болады.

Еске сала кетейік, 25 наурызда Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Өзгелердің жаңалығы