Көші-қондағы өзгерістер: Ықтиярхат алу неге қиындай түсті?

Қазақстанға көшкісі келген шетелдік қыздың оқиғасы мен елде тұруға ықтиярхат алу тәртібін түсіндіреміз.

 ©BAQ.KZ коллажы Кеше 2026, 14:20
Кеше 2026, 14:20
329
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда тұруға ықтиярхат алу талаптары соңғы жылдары күшейіп, құжат рәсімдеу процесі күрделене түсті. Алматыда туған, бұрын Қазақстан азаматтығында болған Анастасия есімді қыз бірнеше жыл бойы ықтиярхат ала алмай жүргенін айтып, бюрократиялық кедергілер, өзгерген талаптар мен қайта-қайта жаңаратын құжаттар оны бұл ойынан уақытша бас тартуға мәжбүр еткенін мәлімдеді. Оның оқиғасы елдегі көші-қон жүйесінің шынайы көрінісін тағы бір рет ашып көрсетті.

Қазақстанға келгісі келген шетелдіктің оқиғасы

Қазақстанда туған, бұрын ел азаматтығында болған Анастасия есімді қыз әлеуметтік желіде Қазақстаннан тұруға ықтиярхат алу кезіндегі қиындықтарын баяндады. Оның айтуынша, бірнеше жылға созылған бюрократиялық кедергілерден кейін ол бұл ойынан уақытша бас тартуға мәжбүр болған.

Анастасия алғаш рет Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу үшін 2023 жылы өтініш бергенін айтады. Ол Алматыда туғанын және бұрын Қазақстан азаматы болғанын негіз ретінде көрсеткен.

Барлық анықтаманы жинап, бүкіл кедергіден өттім. Бірақ маған ешқандай түсініктемесіз бас тартты. Мүмкін қолтаңбам түсініксіз болған шығар, мүмкін бір скан дұрыс болмаған шығар, нақты себебін ешкім айтпады, – дейді ол.

Қыздың сөзінше, ереже бойынша қайта өтініш беру үшін бір жыл күту қажет болған. Осы уақыт ішінде оған тіркеусіз тұрғаны үшін айыппұл да салған.

Анастасия учаскелік полицейге шетелдік азаматтар үшін тіркеу емес, келу туралы хабарлама жеткілікті екенін түсіндіруге тырысқанын айтады. Алайда оның айтуынша, полицей тіпті шетелдік паспорт пен жеке куәліктің жоқтығына таңғалған.

Қандай құжат көрсетсем де сенбеді. Соңында айыппұл төлеуге тура келді. Тіпті жүйе мені тануы үшін банк арқылы арнайы белгімен аударым жасауға мәжбүр болдым, – дейді ол.

Ол қайтадан бір жыл күтуге мәжбүр болғанын айтады. Содан кейін 2025 жылдың қаңтарында құжат жинап, тағы да өтініш берген. Алайда бұл жолы да түрлі себеппен құжаттары қабылданбаған. Алғашында нотариалды келісімнің ескі екені айтылған.

Құжаттың жарамдылық мерзімі жоқ болса да, "6 айдан асып кеткен" деп қайта жасатқызды, – дейді Анастасия.

Кейін оның саусақ іздерінің де ескіргені анықталған. Ол дактилоскопияны бірнеше рет қайта тапсыруға мәжбүр болғанын айтады.

Бірде база істемей қалады, бірде қызметкер орнында болмайды. Мен мұның бәрін демалыс күндері істедім. Қаланың шетіне қайта-қайта баруға көп ақша мен уақыт кетті, – дейді ол.

Анастасия жаңа саусақ іздерін өткізіп келген кезде көші-қон қызметі талаптардың өзгергенін хабарлаған. Енді одан өз елінен «кету парағы» немесе шетелде тұруға рұқсат қағазы, сондай-ақ Канададағыдай балдық жүйемен толтырылатын анкета мен қазақ тілінен А1 деңгейіндегі емтихан талап етілген.

Ол қазақ тілінен тест тапсырып, алғашқы легінде-ақ А2 деңгейін алғанын айтады. Сонымен қатар, консулдыққа барып, «кету парағына» қатысты мәселені шешуге тырысқан.

Консулдық мұндай құжат мүлде жоқ деді. Ақырында тек консулдық есепке қойылғаным туралы анықтама беріп шығарып салды, – дейді ол.

Кейін Анастасия балдық жүйедегі анкетаны дұрыс толтырмай қалғанын айтады.

Еңбек өтілімді көрсетпей кетіппін. Соның кесірінен балл жетпей қалды, – дейді ол.

Жаңа өтініш беру үшін тағы бір ай күту керек болған. Сол аралықта сотталмағаны туралы анықтаманың да мерзімі өтіп кеткен.

Қыз қайтадан консулдыққа барып, жаңа анықтамаға өтініш берген. Оның жоспары анкетаға қайта тапсырып, анықтаманы алып, сұхбаттан өтіп, ақыры құжат өткізу болған.

Алайда дәл сол кезде жаңа өзгерістер шыққан. Енді қазақ тілін А1 емес, В2 деңгейінде білу талап етілген. Бұдан бөлек, Алматыда, Астанада және жалпы елдің оңтүстігінде ықтиярхатқа өтініш қабылдау тоқтатылған.

Енді тек солтүстікке барып тапсыру керек болды. Ол жақтан пәтер тауып, үй иесін нотариус арқылы тіркеуге келісім бергізу қажет. Оған қоса қазақ тілінен В2 деңгейін қайта тапсыруым керек, – дейді Анастасия.

Ол барлық анықтамасының мерзімі өтіп кетуі мүмкін екенін де айтады. Сонымен қатар солтүстікте Алматыдағы мекемелер берген анықтамаларды қабылдай ма, жоқ па – оған да сенімді емес.

Ақырында Анастасия бұл процестен шаршағанын жасырмайды.

Қысқасы, мен берілдім. Әзірге еңбек мигранты ретінде РВП арқылы өмір сүре беремін. Бұл “ережелер жаман” деген әңгіме емес. Мен бұл талаптардың не үшін керегін түсінемін, осы елдің заңын да, дәстүрін де құрметтеймін. Бірақ әр кезең сайын бірдеңе бұзылып, бәрін қайта бастауға тура келгені күлкілі әрі шаршататын жағдай болды, – дейді ол.

Анастасия Қазақстанда қалғысы келетінін де ашық айтқан. Оның сөзінше, ол елден кетуді емес, керісінше Қазақстанда пәтер алып, көлік сатып алып, осында тұрақты өмір сүргісі келеді.

Ережелер

Қазақстанда тұрақты тұруға ниетті шетел азаматтары алдымен арнайы рұқсат алып, кейін тұру ықтиярхатын рәсімдеуі керек. Бұл құжат шетелдікке ел аумағында заңды түрде тұрақты тұруға мүмкіндік береді. Тұрақты тұруға рұқсатты аумақтық полиция департаменттері береді. Ал негізгі талаптардың бірі – өтініш берушінің төлем қабілеттілігін дәлелдеуі.

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда тұрақты тұру визасымен уақытша жүрген немесе Қазақстанмен визасыз режим туралы келісімі бар елдердің азаматтары, сондай-ақ этникалық қазақтар тұрақты тұруға рұқсат алу үшін ішкі істер органдарына жүгінеді. Бұл талаптар Қазақстан Республикасы ІІМ-нің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығымен бекітілген.

Тұрақты тұруға рұқсат алу үшін қандай құжаттар қажет?

Өтініш беруші тұрақты тұруға рұқсат беру туралы өтініш-сауалнама тапсырады. Сонымен қатар жарамдылық мерзімі кемінде 180 күн болатын шетелдік паспорттың түпнұсқасы мен көшірмесін ұсынуы тиіс. Азаматтығы жоқ адамдар да өз құжаттарын өткізеді.

Ең маңызды талаптардың бірі – төлем қабілеттілігін растау. Шетелдік Қазақстанда өмір сүруге жеткілікті қаражаты бар екенін дәлелдеуі керек. Бұл талаптан «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 49-бабында көрсетілген кейбір санаттағы адамдар босатылады.

Сондай-ақ азаматтығы тиесілі мемлекеттен немесе тұрақты тұратын елден соттылығының бар-жоғы туралы анықтама қажет. Бірақ бұл талап босқын мәртебесі бар адамдарға және Қытай азаматтығындағы этникалық қазақтарға қолданылмайды.

14 пен 18 жас аралығындағы балалар үшін Қазақстанда тұрақты тұруға нотариалды куәландырылған келісім талап етіледі. Бұдан бөлек, шетелдікке Қазақстанда тұратын жер ұсыну және кемінде 180 күн тұрақты тіркеуге қою туралы нотариалды куәландырылған шарт немесе өтініш қажет.

Медициналық анықтама да міндетті құжаттардың қатарына кіреді. Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығында көрсетілген қауіпті аурулардың жоқ екенін растайтын 028/у медициналық анықтамасы ұсынылады.

Өтініш беруші 35х45 мм көлеміндегі бір фотосурет пен мемлекеттік баж төленгенін растайтын түбіртек тапсырады.

Ал сұранысқа ие мамандық иелері үшін жеңілдетілген тәртіп қарастырылған. Мұндай азаматтар салалық мемлекеттік органның қолдаухатын ұсынады. Құжатта үміткердің мамандығы, кәсіби біліктілігі, дипломы, еңбек өтілі және Ұлттық жұмыстар жіктеушісіне сәйкестігі көрсетілуі тиіс.

2024 жылдан бастап тағы бір міндетті талап енгізілді. Енді шетелдіктер дактилоскопиялық тіркеуден өтіп, бұл туралы анықтама ұсынуы қажет.

Ресми құжаттағы мәліметке сәйкес, төлем қабілеттілігі, соттылық және медициналық анықтамалардың жарамдылық мерзімі 180 күннен аспауы тиіс.

Егер құжаттар шетел тілінде болса, олар қазақ немесе орыс тіліне аударылып, нотариуспен куәландырылуы керек. Ал шетелдік мемлекеттік органдар берген құжаттар Қазақстан заңнамасына сәйкес заңдастырылып ұсынылады.

Кәмелетке толмаған балаларға қандай талап қойылады?

Ата-анасының бірімен бірге келген 18 жасқа толмаған балалар үшін бөлек тәртіп қарастырылған. Егер баланың заңды өкілі Қазақстан азаматы немесе елде тұрақты тұратын шетелдік болса, өтінішке қосымша туу туралы куәлік пен Қазақстаннан тыс жерде тұратын екінші ата-ананың нотариалды келісімі қоса беріледі.

Тұру ықтиярхаты қанша жылға беріледі?

Қазақстандағы тұру ықтиярхаты 10 жыл мерзімге немесе шетелдік паспорттың жарамдылық мерзіміне сәйкес рәсімделеді. Құжаттың мерзімі аяқталуына бір ай қалғанда шетелдік оны ұзарту үшін ішкі істер органдарына жүгінуі керек. Ал жоғалтып алған жағдайда үш тәуліктен кешіктірмей хабарлауы тиіс.

Жаңа ықтиярхат рәсімделген кезде шетелдік Қазақстандағы тұрақты тұрушы мәртебесінен айырылмайды.

Тұру ықтиярхатын алу үшін қандай құжаттар қажет?

Тұру ықтиярхатын рәсімдеу кезінде мемлекеттік баж төленгені туралы құжат, көлемі 3,5х4,5 сантиметр болатын екі фотосурет және шетелдік паспорт ұсынылады. Құжаттағы барлық мәліметтер шетелдік паспорттағы деректерге сәйкес толтырылады.

Қазақстанда тұру ықтиярхаты 16 жастан бастап беріледі. Құжаттарды тапсырғаннан кейін ықтиярхат 17 күнтізбелік күн ішінде дайын болады. Ал жеделдетілген тәртіпте 7 жұмыс күні ішінде беріледі.

Мемлекеттік баж мөлшері қанша?

Азаматтығы жоқ адамның куәлігін рәсімдеу үшін мемлекеттік баж мөлшері АЕК-тің 400 пайызын құрайды. Ал шетелдіктің тұру ықтиярхатын рәсімдеу үшін АЕК-тің 20 пайызы көлемінде баж салығы төленеді. Төлем Қазақстан банктері арқылы жүргізіледі.

Қандай жағдайда рұқсат берілмейді?

Қазақстан заңнамасына сәйкес бірнеше жағдайда тұрақты тұруға рұқсат берілмейді. Егер өтініш беруші жалған құжат тапсырса немесе құжаттардағы мәліметтер шындыққа сәйкес келмесе, қызмет көрсетуден бас тартылады. Сондай-ақ ұсынылған құжаттар талаптарға сәйкес келмесе немесе мемлекеттік органдардан теріс қорытынды шықса, рұқсат берілмейді.

«Халықтың көші-қоны туралы» заңға сәйкес, Қазақстанда тұрақты тұруға:

– заңсыз келгендерге;
– ауыр қылмыс жасағандарға;
– экстремизм мен терроризмге қатысы бар тұлғаларға;
– ұлтаралық және діни араздық қоздырғандарға;
– ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін адамдарға;
– жалған мәлімет бергендерге;
– көші-қон заңнамасын бірнеше рет бұзғандарға рұқсат берілмейді.

Сондай-ақ соңғы бес жыл ішінде Қазақстаннан шығарылған азаматтар да тұрақты тұруға рұқсат ала алмайды.

Заңда тағы бір маңызды талап көрсетілген. Егер шетелдік тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін кез келген 12 ай ішінде Қазақстанда 183 күннен аз уақыт тұрса, оның рұқсатының күші жойылуы мүмкін. Бұл талап сұранысқа ие мамандық иелеріне де қатысты. Егер олар көрсетілген мерзім ішінде өз мамандығы бойынша жұмыс істемесе, рұқсат күшін жояды.

Ал Қазақстан азаматымен некеге тұрып, сол арқылы ықтиярхат алған адамның некесі кейін сот арқылы жалған деп танылса, рұқсат жойылады.

Этникалық қазақтарға қандай ерекшелік бар?

Ресми құжатқа сәйкес, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне кейбір талаптар қолданылмайды. Атап айтқанда, Қазақстанда 183 күн тұру талабы мен кейбір әкімшілік құқықбұзушылықтарға қатысты шектеулер бұл санаттағы азаматтарға жүрмейді.

Сондай-ақ әрекетке қабілетсіз адамдарға қауіпті аурулар туралы талап қолданылмайды.

Егер шетелдікке тұру ықтиярхаты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігі берілмесе, ол бұл шешімге Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдана алады.

Наверх