Қазақстан 18 сәуірден бастап шетелдіктерге еліміздің шетелдегі мекемелері арқылы жеке сәйкестендіру кодтарын (ЖСН) беруді қайта бастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Пилоттық жобаға 100 елшілік пен консулдық қатысады.
Қазақстандық ЖСН-ді дипломатиялық өкілдіктер арқылы ала алатын шетелдіктер:
- әлеуетті инвесторлар;
- тауарларды таңбалау және қадағалап отыру шеңберінде тауар айналымына қатысушылар;
- Қазақстан азаматтарының жұбайы болып саналатын шетел азаматтары (АХАТ ақпараттық жүйесінде азаматтық хал актілерін тіркеу туралы белгі қою үшін);
- егер ата-анасының бірі Қазақстан азаматы болса, шет мемлекет азаматтарының балалары (16 жасқа толмаған);
- Қазақстанда мұраны қабылдайтын шетелдіктер;
- Digital Nomad Residence және Digital Nomad Visa бағдарламаларының әлеуетті қатысушылары;
- мүмкіндігі шектеулі шетел азаматтары;
- 65 жастан асқан шетелдіктер;
- өсімдіктерді қорғау құралдарын (пестицидтерді) өндірушілер мен тіркеушілер;
- Қазақстанда тіркелген заңды тұлғалардың, филиалдардың және (немесе) өкілдіктердің басшылары.
Сонымен қатар өкілдіктердің қызметкерлері ЖСН-ді ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы ала алады.
ЖСН алу үшін өтінішті, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және оның түпнұсқасын шетелдегі мекемеге алып бару қажет.