Қазақстанда медициналық туризмді дамытуға арналған «Медициналық туризм туралы» заң жобасы әзірленіп, Үкіметтің қорытындысына жолданды. Бұл туралы Құрылтай депутаты, Respublica партиясы фракциясының мүшесі Нұргүл Тау Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, медициналық туризм ел үшін стратегиялық маңызы артып келе жатқан бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы да оның денсаулық сақтау жүйесін нығайтып қана қоймай, экономикаға жаңа мүмкіндіктер әкелетінін атап өткен.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның медициналық ұйымдары шамамен 80 мың шетелдік пациентті қабылдаған. Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 300 мың адамға дейін өсуі мүмкін. Ал медициналық туризмнен ел экономикасына түсетін жылдық кіріс 300 млн долларға дейін жетуі ықтимал.
Нұргүл Таудың айтуынша, медициналық турист қарапайым туристке қарағанда шамамен 10 есе көп қаражат жұмсайды. Амбулаториялық емнің орташа құны 2 мың долларға, ал стационарлық ем 5 мың долларға дейін жетеді.
Медициналық туризмнің тағы бір ерекшелігі – оның маусымға тәуелді болмауы. Яғни, бұл бағыт жыл бойы тұрақты түрде дамуы мүмкін.
Депутат медициналық туризмнен түсетін экономикалық пайданы тек клиникалардың табысымен шектеуге болмайтынын атап өтті. Себебі шетелдік пациенттерге қонақүй, көлік, қоғамдық тамақтану, туроператорлық, аударма және басқа да қызметтер қажет.
Бұған дейін Respublica партиясының фракциясы медициналық туризм саласындағы бірқатар мәселені көтерген. Атап айтқанда, медициналық туристерге арналған бірыңғай үйлестіру тетігін құру, визалық рәсімдерді жеңілдету, JCI халықаралық аккредиттеуінен өткен клиникаларды қолдау, халықаралық сервис стандарттарын енгізу және қазақстандық медицинаны шетелде ілгерілету ұсынылған.
Депутаттың айтуынша, осы мәселелерді шешу мақсатында фракция Денсаулық сақтау министрлігімен, Парламентаризм институтымен және сарапшылар қауымдастығымен бір жарым жыл жұмыс жүргізген. Нәтижесінде «Медициналық туризм туралы» заң жобасы әзірленіп, Үкіметтің қорытындысына жолданған.
Заң жобасы аясында медициналық туризмге қатысты негізгі ұғымдарды нақтылау, оның қатысушыларының мәртебесі мен жауапкершілігін белгілеу ұсынылады.
Сонымен қатар клиникаларды, туроператорларды, қонақүйлерді, көлік және басқа да қызмет көрсету салаларын байланыстыратын бірыңғай үйлестіру тетігін қалыптастыру көзделеді.
Пациенттерге көрсетілетін госпитальдық сервис пен оларды сүйемелдеу сапасын арттыру да ұсыныстар қатарында.
Бұдан бөлек, Қазақстандағы JCI халықаралық аккредиттеуінен өткен 10 медициналық ұйымды қолдау мәселесі көтерілді. Депутаттың айтуынша, мұндай аккредиттеуден өту және оны қайта растау клиникалар үшін елеулі қаржылық әрі ұйымдастырушылық шығындарды талап етеді.
Сондай-ақ Қазақстан медицинасының халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттырып, медициналық қызмет экспортын дамыту үшін Kazakh Tourism компаниясын тарту ұсынылды.
Нұргүл Тау Үкіметтен медициналық туризмді дамытуға қатысты осы ұсыныстарды жүйелі түрде қарастыруды сұрады.