Шетелдік көліктерді заңдастыру келер жылы басталады

17 Қыркүйек 2022, 11:58
1590
Бөлісу:
Шетелдік көліктерді заңдастыру келер жылы басталады

Ішкі істер министрлігі Кодекстерге түзетулер келер жылдың қаңтарынан бастап күшіне енетіндіктен заңдастыру келер жылдан бастап жүргізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігі  Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру міндетін жүктеген болатын. Қазір бұл үшін мемлекеттік органдар барлық қажетті заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды қабылдауда. Экологиялық және Салық кодекстеріне түзетулер әзірленді. Азаматтар бастапқы тіркеу үшін 200-250 мың теңге көлемінде ғана алым төлейтін болады. Заңдастыру кезінде утиль алым төленбейді. 

Кодекстерге түзетулер келесі жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді, сондықтан заңдастыру келесі жылдан бастап жүргізілетін болады. Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген автокөліктердің тізімі жасалды. Кейінірек әкелінген автокөліктер заңдастыруға жатпайды және жалпы негізде тіркеледі. Бүгінгі таңда ІІМ және басқа да мемлекеттік органдар автокөліктерді заңдастыруды барынша қарапайым және түсінікті ету тәсілдерін әзірлеуде, - деді ІІМ өкілдері. 

Автокөліктерді заңдастыру үшін полицияға онлайн-өтініш беру мүмкіндігі пысықталып жатыр. Полициямен байланыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылады. Тіркелген көліктерге қарапайым ақ нөмірлер беріледі, полиция қандай да бір шектеулер қоймайды. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың тауары болып табылмайтын автокөліктер кедендік баждарды төлеуге тиіс. Бұл үшін Қаржы министрлігі азаматтарға қолайлы кедендік декларациялау тетіктерін әзірлеп жатыр. Заңдастыруды өткізудің барлық шарттары әзірленгеннен кейін Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданатын болады. 

Айта кету керек, заңдастыруға “қылмыстық” және кедендік бақылаудан өтпеген автокөліктер кірмейді. Автокөліктердің шығарылған жылына және экологиялық санаттарына қарай талаптар жоқ. Қалған талаптар бойынша шешім қазір ұлттық және халықаралық заңнаманы ескере отырып қабылданып жатыр. 

Сондай-ақ жол ережесін бұзудың кейбір түрлері бойынша жауапкершілікті күшейту болғанымен, полиция шетелдік автокөліктер бойынша ешқандай арнайы рейдтік іс-шаралар жүргізбейтінін де хабарлағымыз келеді. Сақтандыру немесе автокөлік иелерін қудалау мәселелері бойынша әлеуметтік желілерде түрлі ақпарат таралып жатыр. Сондықтан сіздерді тек қана мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сенуге шақырамыз, - деп хабарлады ведомство.

Өзгелердің жаңалығы