Шетелдік көліктер Қазақстан аумағынан шығарылады

10 Тамыз 2021, 07:15
1776
Бөлісу:
Шетелдік көліктер Қазақстан аумағынан шығарылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті 30 қыркүйекке дейін Қазақстан аумағынан қандай көліктердің шығарылуы керектігін айтты.

Комитет ұсынған мәлімет бойынша, аталған талаптың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің мемлекеттік нөмірі бар көліктерге қатысы жоқ.

Қазақстан азаматтарына Еуразиялық экономикалық одақ аумағында Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясының көлік құралдарымен уақытша әкелу мерзімдерін есепке алмастан жүруге болады. Ал Армения Республикасы мен Қырғыз Республикасының көлік құралдарымен сенімхат бойынша басқару құқығынсыз жүре алады, – деп жазылған комитеттің түсіндірмесінде.

Шетелдік көлік құралдарын әкету туралы талап Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің бүкіл аумағына қолданылады. Яғни, шетелдік көлік Еуразиялық экономикалық одақ аумағынан тыс аумаққа шығарылуы керек.

Шетел азаматтары өзінің тұрғылықты еліне және көлікті әкететін елге қайтару үшін мемлекеттік шекарадан аталмыш көлікті мініп өте алады. Егер ол мүмкін болмаса, тасымалдаушылардың қызметін пайдалана алады, – деп жазады комитет мамандары. 
Одақ аумағына үшінші елдерден әкелінген көлікті тиісті кедендік рәсімдеусіз бір жыл ғана жүргізуге рұқсат беру туралы шешімді Еуразиялық экономикалық кеңес 2020 жылғы 29 сәуірде шығарған болатын. Бұл кезде пандемия өршіп, шекаралар жабық болғандықтан, мерзім 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ұзартылған еді. Бұл мерзім біткеннен кейін Әкімшілік полиция комитеті мен Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері бірлесіп уақытша жүру мерзімі аяқталған көліктерді іздестіретін болады. Ондай көліктер табылған жағдайда айып тұрағына қамалады.
Еуразиялық экономикалық одақтың қолданыстағы заңнамасы бойынша уақытша әкелу мерзімдері өткеннен кейін жеке тұлғада кедендік төлемдерді төлеу міндеттері туындайды. Төлемнің мөлшерін аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері есептейді, – деп жазылған комитеттің мәліметінде.

Өзгелердің жаңалығы