Ауыл шаруашылығына инвестиция тартуда оң динамика бар. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Министр «Ауыл шаруашылығына инвестициялар үшін Сукук» семинарынан соң БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Ведомство басшысының сөзінше, елімізге тек ішкі инвестиция емес, шетелдік инвестиция көздерін көбейту қажет. Ондағы тағы бір мақсат шетелдік инвесторларды ауыл шаруашлығының терең өңдеу өнеркәсібіне әкелу.
Біз тек шикізат қана шығарып қоймай, шикізатты терең өңдеп, өңделген шикізат ретінде шетелдік нарықтарға шығаруымыз қажет. Сондай-ақ біз ауыл шарушылығы кешенінің 2030 жылға арналған даму жоспарында экспортты үш есе көбейтуді жоспарлап отырмыз. Экспорттың құрамында терең өңделген тауарлардың көлемін 70 пайызға дейін жеткізуіміз керек. Былтырғы нәтиже бойынша біз терең өңделген экспорттың үлесін 37 пайыздан 42 пайызға дейін жеткіздік. Өйткені терең өнеркәсіп дамыған кезде жұмыс орындар да, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің табысы артады, - деді Ербол Қарашөкеев.
Еске салсақ, бұған дейін Астана халықаралық форумының кулуарында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанның ауыл шаруашылығына инвестиция салатын ТОП-5 елді атаған болатын.