Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстанда танысу сапарымен жүрген Үндістанның Ұлттық қорғаныс колледжі тыңдаушыларының делегациясы үшін брифинг өткізді.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, қонақтарға Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытына сәйкес Тәуелсіздік кезеңіндегі еліміздің даму тарихы, қазіргі кезеңдегі сын-қатерлер мен осы сын-қатерлер үшін көпвекторлы сыртқы саясаттың негізгі басымдықтарына ұсынылған шешімдер туралы толық ақпарат ұсынылды.
«Үндістан, Аустралия, Біріккен Араб Әмірліктері және АҚШ-тан келген генералдар мен офицерлер үшін Елбасының жаһандық деңгейде «үш диалогты» ұйымдастыру бастамасы, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі және сыртқы саясатының басымдықтары, Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі, Қазақстанның Еуразия орталығында Белдеу және Жол бастамасын жүзеге асыруға қатысуы туралы ақпарат қызығушылық тудырды», - делінген хабарламада.
Жиналғандардың назары ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселелері бойынша Қазақстанның қағидатты ұстанымына, 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде атап өтілетін және осы күні жоспарланып отырған Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев екінші сыйлығын тапсыру рәсімін өткізуіне аударылды.