Шетелдік автокөліктерді қалай заңдастыруға болады?

16 Қаңтар 2023, 15:12
1014
Бөлісу:
Шетелдік автокөліктерді қалай заңдастыруға болады?

Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе арнайы Автоцонға жеке жүгіну арқылы беруге болады.

Арнайы Автоцондарда арнайы секторлар ұйымдастырылады. Олар тек автокөліктерді заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады.

Сондай-ақ сол жерде Әкімшілік полиция қызметкері болады. Олар заңдастырудан өту тәртібін түсіндіріп береді. Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері де сол жерде болады, - деп атап өтті комитет төрағасының міндетін атқарушы.

Белгілі болғандай, олар (Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері - ред.) қажет болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеудің тәртібін түсіндіреді. Ведомство өкілі қандай құжаттар тізімін ұсыну қажеттігін де атап өтті.

Бұл жағдайда көлік иесі 4 құжатты ұсынуы керек:
1) өтініш;
2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
3) көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік;
4) көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат

Оларға: осы мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік жатады. Бұл ретте, азаматтық заңнамаға сәйкес берілген сенімхат, егер мұндай құқық сенімхатпен берілген жағдайда, көлік құралына меншік құқығын үшінші тұлғаға беру үшін негіз болады, - деді Қайсар Сұлтанбаев.

Ал өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлік құралын АвтоЦонның тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады.

Салыстыруды ішкі істер органдарының сарапшы-криминалист жүргізеді. Азаматтар ағыны ұлғайған кезде олардың санын көбейтеміз. Салыстырып тексеруден өткеннен кейін екі күн ішінде көлік құралын заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөнінде шешім шығаруымыз керек, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы