Ұлттық спорт қауымдастығы мен Салалық спорт федерацияларының мамандары құсбегілік, қолөнер шеберлігі, тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, қыз қуу, аударыспақ, көкпар сияқты ұлттық ойындарды шетелдік делегаттарға көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл делегаттар ертең болатын Отандастар форумына келді.
Отандастар форумы Астанада осымен екінші рет өтеді. Бұдан бұрын 2019 жылы өткен болатын. Биылғы форумның алдынғы форумнан ерекшелігі – келген қандастарымыздың санында. Бұдан бұрын 100 делегат келсе, биылғы форумға 40 елден 200 делегат келді, - деді «Отандастар Қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы.
Форумға келген қандастар шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, белсенділері, жанашырлары және шетелдегі ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа, саясат сынды басқа да салалардың көрнекті өкілдері.
Бүгін дүниежүзінен келген қандастарымызды ұлттық аспаптар және спорт түрлерімен таныстырып жатырмыз. Себебі 2024 жылы Қазақстанда болатын Дүниежүзілік көшпенділер ойынына біз осы қандастарымызды шақырамыз. Олар арқылы басқа да туристерді тартып, өзіміздің ұлттық спорт түрлерін әлемге таныстырғымыз келеді, - деді Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев.