Шетелден бапкерлер қажет емес – Абзал Әжіғалиев

15 Қаңтар 2024, 16:11
2360
Бөлісу:
Шетелден бапкерлер қажет емес – Абзал Әжіғалиев
Фото: Жеке мұрағат

Қаңтар айының 19-ы мен ақпан айының 1-і аралығында Кореяның Канвон қаласында ІV қысқы жасөспірімдер олимпиадасы өтеді. Еліміздің атынан 42 спортшы сынға түседі. Байрақты бәсекеге спортшыларымыздың дайындығы қалай болғанын шорт-трекші, бірнеше дүркін халықаралық жарыстардың жүлдегері Абзал Әжіғалиевпен тілдесіп, сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Канвон-2024 жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиада ойындарына құраманың дайындығын қалай бағалайсыз?

Дайындықтары жаман емес. Біз де мүмкіндігінше көмектесуге тырыстық. Әрбір жаттығуларына бардық. Өзім шорт-трек спортынан 3 Олимпиадаға қатыстым. Өзімнің бар білімімді, тәжірибемді Канвон-2024 Олимпиадасына қатысып жатқан спортшыларға беруге тырыстым. Кейбір спортшылардың алғашқы олимпиадасы болғандықтан уайым, қобалжу болады. Бірақ барлығын түсіндіріп айттық. Осы олимпиадада жақсы жүлделі орын алып қайтады деп ойлаймын.

Елімізде қысқы спорт түрлеріне қолдау көрсету қандай деңгейде? Олимпиада алдында ғана көңіл бөліне ме?

Уақыт көрсетер. Күтіп жатырмыз, күтеміз. Дәл қазір жағдай жасалып жатыр. Бірақ Олимпиадаға дейін одан да көп жақсы жағдай жасалса барлығы дұрыс болады.

Қандай мәселелер бар?

Ұлттық құрамаға Астана қаласында жақсы жағдай жасалған. Бірақ өңірлерде, қалаларда мұздың сапасы өте нашар. Ол үшін әрбір өңірлерімізді Астанадағыдай мұзды жақсартса деп ойлаймын. Егер жақсы болса, нәтиже күтуге болады. Олимпиадаға бара жатқан жасөспірімдер өз өңірлерінде жаттығуларын жасайды. Сондықтан оларға да жағдай жасалуы керек.

Бапкерлерге байланысты пікіріңіз қандай? Шет елден алып келу керек пе әлде өзіміздің жаттықтырушылар жеткілікті ме?

Бізде тәжірибелі спортшылар өте көп. Кезінде шетелден келген бапкерлерден тәлім алған. Солар спорттағы мансабын аяқтап, өзінің алған тәлімін болашақ чемпиондарға, жас спортшыларға үйретіп жатыр. Бізге шетелден бапкерлер қажет емес. Жасөспірімдерді өзіміз тәрбиелеуге қабілетіміз жетеді. Қазір мен де спортшымын. Болашақта бапкер немесе төреші болуым әбден мүмкін. 20 жыл бойы осы шорт-трек спортымен айналысып келемін. Жинаған тәжірибемді жастармен мен де бөліскім келеді.

Олимпиадаға бара жатқан спортшыларға не дейсіз?

Спортшыларға сәттілік тілеймін! Намысты қолдан бермей, ештеңеден қорықпай, берілген жауапкершілікті мойнымен көтеріп, елімізге жүлделі орын алуға тілектеспін.

Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы