Шетелде сотталған 280 қазақстандық жазасын өз елімізде өтеуі мүмкін

10 Ақпан 2021, 11:23
1622
Бөлісу:
Шетелде сотталған 280 қазақстандық жазасын өз елімізде өтеуі мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындау туралы конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды.

Құжатқа ТМД мемлекеттерінің басшылары 2019 жылғы 11 қазанда Ашхабад қаласында қол қойды.

Конвенцияның негізгі мақсаты –  әр азаматқа өз жазасын тұрғылықты жері бойынша өтеуге мүмкіндік беру. Конвенцияға сәйкес, сотталушы немесе оның заңды өкілі өз жазасын тұрғылықты жерінде өтеу туралы өтініш береді. Өтініш бойынша сол елдің Бас прокуратурасы сұрау салады, - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, сұрау салуға мына құжаттар қоса беріледі: 

- сотталушының азаматтығы;

- сот шешімінің көшірмесі, 

- мінездеме;

- келтірілген шығын туралы мәліметтер.

Жазасын өтеушіні қабылдайтын мемлекет белгіленген жазадан қатаң емес жаза тағайындайды. Жазасын өтеуші шешім қабылдаған соң, 45 күнде өз бетінше елден шығуы тиіс. Ал егер бұл талап орындалмаса, заң бойынша мәжбүрлі түрде елден шығарылады. Сұрау салудан бас тарту негіздері де қарастырылған. Ұлттық заңнамаға сәйкес жазасын өтеушінің әрекеті қылмыс болып саналмаса, қылмыстың мерзімі өтіп кетсе, ел тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігіне қауіп болса, ұлттық заңнамаға қайшы өзге де жағдайда бас тартылады, - деді министр.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда 447 шетелдік пробацияда тұр. Өзбекстаннан – 216, Ресейден – 138, Қырғызстаннан – 38, Армениядан – 5 азамат бар.

Ал өзге елдерде 280 қазақстандық жазаға тартылған: Ресейде –  251, Өзбекстанда – 24, Қырғызстанда – 2, Беларусьте – 3.

Өзгелердің жаңалығы