Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Комиссия шешімімен «Болашақ» халықаралық стипендиясы 199 қазақстандыққа берілді. Олар магистратура мен докторантурада оқитын болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасына сәйкес инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға баса мән берілді. Егер өткен жылы инженерлік-техникалық мамандықтарға 36% стипендия бөлінсе, биыл 60% бөлінді.
Сонымен қатар, медициналық бағыттағы академиялық бағдарламаларға үміткерлердің қолжетімділігін және қызығушылығын арттыру мақсатында Республикалық комиссия медицина қызметкерлерін академиялық оқыту үшін жеке санат бөлу туралы шешім қабылдады.
Жалпы, биыл магистратура мен резидентурада оқуға 385 стипендия, докторантура бағдарламалары бойынша 60 стипендия бөлінді. Осы жылдың соңына дейін Республикалық комиссияның тағы екі отырысы өтеді. «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау биылғы 30 мамырда басталды және 14 қазанға дейін созылады. Тағылымдамадан өту үшін құжат қабылдау 2022 жылғы 5 қыркүйекте басталып, 14 қазанға дейін созылады.
Жиын қорытындысы бойынша Ерлан Қарин бірқатар нақты тапсырма берді.