Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Көп жыл отандық теледидарда жұмыс істеген Марианна Гурина бір күні онконауқас ретінде сұхбат беремін деп еш ойламағанын айтты.
Халықаралық қатерлі ісікке қарсы Халықаралық күрес күніне орай өткен брифингте журналист әрі онконауқас Марианна Гурина өзі басынан өткерген жағдайымен бөлісті.
Адамдарға рактың өте жаман ауру екенін айтып отырамын деген ой жүз ұйықтасам түсіме кірмеген. Бүгінгі Халықаралық қатерлі ісікке қарсы күн маған ракқа қарсы соғыс күні сияқты елестейді. Барлығымыз оған қарсы тұру үшін қазірден қарулануымыз керек. Көпшілігіміз обырды ерте кезеңінде анықтау үшін дәрігер алдына баруға жүрексінеміз немесе сенбейміз. Бүгін мен сол үрей мен сенімсіздікті ысырып тастап дәрігерге барып қаралуға кеңес беремін. Мемлекет онконауқастарды емдеуге ақша бөліп, оларды емдеуге қолұшын созып отыр. Егер өз денсаулығымызға алаңдамасақ, ешқандай мемлекет бізді аман алып қала аламайды, - дейді ол.
Сонымен қатар ол алғаш қатерлі ісік анықталғанда, өзімен қоса жақындарының қатты қобалжығанын айтады.
Қатерлі ісіктің төртінші сатысындасың дегенде өмірден түңілесің, жақындарың қатты қобалжиды. Ондай менің отбасымда да болды. Жергілікті дәрігерлерді тыңдамай емделу үшін Стамбұлға да бардым. Біз ол жақта бөтенбіз, әрі бізге ақша көзі ретінде қарайды. Ондағы әр қадамымыз көп ақша тұрады. Адамдар ол үшін машина, пәтерлерін сатып жатады. Алайда өз елімізде дәл сондағыдай дәрі-дәрмекпен, сол жоспар бойынша емдейтінін ескере бермейміз. Сондықтан онконауқастарды өз еліміздің дәрігерлеріне сенім артуға шақырамын, - дейді Гурина.
Марианна Гурина қазір химия терапия қабылдап жатыр, жақында жазылып шығатынына сенімді. Оның үстіне онкологиялық аурулар туралы фильм түсіріп жатыр екен.
Қазір онконауқастар мен дәрігерлер жайлы фильм түсіріп жатырмын. Онда актерлер ойнамайды, нағыз науқастар мен дәрігерлер түсірілген. Бұл адамдардың уақыт оздырмай, жиі дәрігерге қаралуына ықпал етіп, бір адамның болсын өмірін сақтап қалуға көмектеседі деп ойлаймын, - дейді ол.Бұған дейін бас онколог биыл қанша адам қатерлі ісіктен көз жұмғанын айтты.