Бас онколог биыл қанша адам қатерлі ісіктен көз жұмғанын айтты

4 Ақпан 2021, 14:35
2711
Бөлісу:
Бас онколог биыл қанша адам қатерлі ісіктен көз жұмғанын айтты

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жыл сайын елімізде қатерлі ісіктің 36 мыңға жуық жаңа оқиғасы тіркеледі. Бүгінгі таңда диспансерлік есепте 190-ға жуық отандасымыз тіркеуде тұр. 14 мыңдай адам жыл сайын осы аурудан көз жұмады. Бұл туралы ҚР ДСМ Бас онкологы Диляра Қайдарова брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, Қазақстанда қатерлі ісіктің ең көп тараған түрлері: сүт безі обыры, өкпе обыры, асқазан обыры, жатыр мойны обыры және колоректальды обыр болып табылады. 

Онкологиялық аурулар құрылымында бірінші орында сүт безі обыры тұр – 13,2%, екінші орында өкпе қатерлі ісігі – 10,4%, үшінші орында колоректальды қатерлі ісік – 9,6%. Ауырғандардың жас құрылымына келсек, науқастардың 56%-ы еңбекке қабілетті жастағы адамдар. 2020 жылы 14 150 науқас көз жұмды. Өлім деңгейінің төмендеуі 0,7% құрады, - дейді бас онколог. 

Сондай-ақ, ол онкологиялық ауруды төмендету бойынша көптеген жұмыс атқарып жатқандарын жеткізді. Оның ішінде халықты қабылдауға арналған ашық есік күні, скринингті тексерістер мен халыққа осы ауру жайлы мағлұмат беру бар. 

Біріншіден, халықтың бұл ауруға деген үрейін сейілту қажет, сол үшін ашық есік күнін ұйымдастырып, қатерлі ісікті ерте кезінде анықтаса, оны емдеу оңай болатынын түсіндіреміз. Мәселен, халықты скринингтен өткізуге мемлекеттен жыл сайын 4 млрд теңге бөлінеді. Өкінішке қарай, жұртшылықтың кейбірі қорқақтап келмейді. Ал келгендер арасында қатерлі ісіктің дендеп үлгергені анықталып жатады. Сондықтан әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау керек. Уақытылы тексерістен өтіп тұрған адам ісікті ерте кезеңінде анықтайды, нәтижесінде оны емдеу оңай болады. Қазір барлық емханада скринингті бөлмелер бар, онда адамның сілекейінен талдау алынады, оған қоса теріні, ағзадағы ісік болатын жерлердің барлығы тексеріледі, - дейді Диляра Қайдарова. 

Қатерлі ісікті ерте анықтауға арналған онкоскринингтен азаматтар тұрғылықты жері бойынша емханадан өте алады, яғни кез келген уақытта қолжетімді және ақысыз. 

- Сүт безі қатерлі ісігінің скринингі 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер арасында 2 жылда бір рет жасалады;  

- Жатыр мойны қатерлі ісігінің скринингі 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер арасында 4 жылда бір рет;

- Колоректальды қатерлі ісік скринингі 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасында 2 жылда бір рет жасалады. 

Айта кетсек, 4 ақпан Халықаралық обырға қарсы одақтың (UICC) бастамасымен Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні атап өтіледі. Қазақстан 12 жылдан бері осы одақтың мүшелігінде.

Бұған дейін бас онкологы елімізде ракпен ауыратын 29 науқас коронавирустан көз жұмғанын айтқан болатын.  

Өзгелердің жаңалығы