Шетел валютасына сұраныс неге көп?

15 Қаңтар 2022, 10:03
1456
Бөлісу:
Шетел валютасына сұраныс неге көп?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова хабарлады. Оның айтуынша, былтыр теңге бағамы мұнай бағасының өсуіне қарамастан, 2,6%-ға әлсіреген. 

Ұлттық банк өкілі шетел валютасына сұраныстың негізгі өсу себептеріне тоқталды.

Негізгі себеп – кейінге қалдырылған сұраныс пен экономикалық белсенділікті қалпына келтіру аясында импорттың өсуі. Валюта нарығына негізгі қысымды тұтыну импорты көрсетеді. Алдын ала деректер бойынша, биыл 11 айда тұтыну тауарларының импорты 2 млрд АҚШ долларына өседі. Бұл дегеніміз 2020 жылғы 11 айға қатысты +22%-ға және 2,4 млрд АҚШ долларына немесе 2019 жылғы пандемияға дейінгі ұқсас кезеңмен салыстырғанда +27%-ға артады деген сөз, - деп отыр Әлия Молдабекова.  

Ал аралық тауарлар мен өндіріс құралдарының импорты ішінара шетелдік инвестициялармен қаржыландырылады. Сондықтан оның валюта нарығына әсері онша маңызды емес.

Валютаға сұранысты арттырған себептің бірі – ақша базасының өсуі. Ақша базасының кеңеюі тұтынушылық кредиттеу арқылы ақша массасын көбейтеді. Нәтижесінде тұтыну тауарлары импортының өсуіне алып келеді. Дағдарысқа қарсы шаралар мен жеңілдікпен кредиттеу бағдарламалары шеңберінде қаражат бөлу аясында ақша базасы 2020 жылдың басынан бастап 11,0 трлн теңгеге дейін 1,6 есе ұлғайды. Өсім 4,1 трлн теңгені құрады, - деп отыр Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу жөніндегі бастамасының іске асырылуы да валютаға деген сұранысқа ықпалын тигізбей қоймаған. Оған қоса доллармен салымдар көлемінің өсуі де әсер етіпті.

Дамыған елдерде монетарлық саясатты күшейтудің басталуы, АҚШ долларының нығаюы және дамушы нарықтардан капиталдың әкетілуі теңгеге қысым көрсетті. Жоғарыда атап өткендей, ЕМ елдері валюталарының индексі 2021 жылы 9,25%-ке әлсіреді, - деді ол.

Жалпы алғанда, 2021 жылы бейрезиденттердің қазақстандық бағалы қағаздарға қызығушылығының нетто-ұлғаюымен ерекшеленген. Осылайша, елдегі бейрезиденттердің үлесі 3,13%-тен 4,26%-ке дейін өсті. Олардың инвестицияларының көлемі 2021 жылдың басындағы 413 млрд теңгеден 2021 жылғы қазанда 863 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Кейін  қараша-желтоқсанда 595,5 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Өзгелердің жаңалығы