Шерзат Болаттың ісіндегі куәгер Эльмира Нұрбекова сотта жауабын беруді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
11 қазан күні жауап алынғанда Эльмира Нұрбекованың сөзі видеоға жазылған.
Тергеуші бейнежазбада куәгерден Талғарда болған оқиға күні жайлы сұрады.
Негізі мен сол күні жұмыста болғанмын. Түстен кейін Дана маған хабарласты, сөйлестік. Шамамен 13:30 кезінде, - деді куәгер видеода.
Ол оқиға болғанға дейінгі кешті баяндады.
Эльмира Нұрбекова айыпталушылармен кездесіп, жаюлы дастархан басында отырған.
Дастарханда арақ болды. Бөтелкеде емес, графинде болды. Бізден не ішесіңдер деп сұрады. Сөйлестік. Дастарханда Абзал, Равиль, Нұрқияс болды. Тағы бір бала болды, оны танымадым, - деді ол видеосында.
Сот айыпталушылар мен қыздардың ресторанда отырған сәтінің видеосын өткізіп жіберді.
Сөзінше, қасындағы құрбысы Дана үйге қайтайық дегенде, Равиль мен Нұрқияс алдымен дүкенге барып келеміз деп, кейін оларды үйлеріне жеткізіп тастайтынын айтқан.
Эльмира Нұрбекова өзінің жауабында жанжал күні үстіне сұр және астына қара түс киім киген кісі қолына мылтық ұстап жүгіргенін айтты.
Аспанға қарай бір рет атты. Бірақ нақты аспанға ма білмеймін. Артыма бұрылып, мылтықты бағыттағанын көріп, Равильді құшақтап алып, көліктің арғы жағындағы қызыл контейнерге қарай бардық. Мылтық 1-2 рет атылғанын естідім, - дейді Эльмира Нұрбекова бейнежазбада.