Шерзат Болаттың үйіндегі өртке қатысты іс уақытша тоқтатылды

Алматы облысында Шерзат Болаттың отбасы тұратын үйдегі өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу уақытша тоқтатылды.

 15 Тамыз 2025 2025, 08:25
15 Тамыз 2025 2025, 08:25
606

Алматы облысында Шерзат Болаттың отбасы тұратын үйдегі өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу уақытша тоқтатылды. Бұл туралы өңірлік прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ Kazinform-ға сілтеме жасап.

Прокуратураның мәліметінше, тергеу ҚР ҚПК 45-бабы 7-бөлігінің 5-тармағына сәйкес, құқықтық көмек шеңберінде іс жүргізу әрекеттерін орындау қажеттілігіне байланысты тоқтатылған.

Еске салайық, өрт 2024 жылдың 12 қазанына қараған түні Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында болған. Бұл оқиға 2024 жылғы 4 қазанда Талғар қаласында дүкенде болған төбелестен 16 жастағы Шерзат Болат қаза тапқан трагедиядан сегіз күн өткен соң орын алды.

Өртке қатысты іс "Бөтеннің мүлкін қасақана жою" бабымен қозғалды. 2024 жылдың 9 желтоқсанында Талғардың шетінде марқұм жасөспірімнің ағасының денесі табылған.

2025 жылдың 5 маусымында сот аталған төбелеске қатысты айыпталушыларға үкім шығарды. Бұған дейін ІІМ өртке байланысты тергеу жалғасып жатқанын хабарлаған, алайда қазір барлық қажетті іс жүргізу әрекеттері орындалғанша іс уақытша тоқтатылып отыр.

Наверх