Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы атап өтілді

7 Қараша 2022, 15:20
1809
Бөлісу:
Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы атап өтілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы атап өтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жазушының мерейтойына орай өткен «Жаңа Қазақстан және Шерхан Мұртаза шығармашылығындағы әділетті қоғам идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы әрі ректоры Жансейіт Түймебаев  сөз сөйледі.

Ол әдебиетте де, журналистикада да, саясатта да Шерхан Мұртазаның жарқырап жатқан даңғыл жолы кейінгі буынға ғажайып, үлкен, дара мектеп болып қалатынын айтып, ұлы жазушының қалдырған мұраларына тоқталып өтті.

Шерхан Мұртазаның мерейтойы республика деңгейінде атап өтіліп жатыр.  Таразда жазушыға ескерткіш орнатылып, туған ауылы Талаптыда Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық үйі ашылды. Қазақстанның барлық аймағында халық жазушысын еске алуға арналған конференциялар мен кездесулер, көрмелер мен бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. 

«Жаңа Қазақстан және Шерхан Мұртаза шығармашылығындағы әділетті қоғам идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мемлекет қайраткері, ақын, драматург Нұрлан Оразалин қазақ журналистикасын жаңа деңгейге көтерген Шерхан Мұртаза жайлы естелігін бөлісті. Нұрлан Оразалин Шерхан Мұртаза өз айналасына қазақ журналистикасының майталмандарын топтастырғанын атап өтті. 

«Қазақ әдебиетіндегі Шерхан Мұртазаның прозасы мен драматургиясының тарихи маңызы» атты баяндама жасаған профессор Қансейіт Әбдезұлы Шерхан Мұртазаны өз бойында жазушының таланты мен мемлекет қайраткерінің қасиеттерін біріктіре білген тұлға екенін айтып, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Жұбан Молдағалиев сынды тұлғалар шоғыры қатарында ерекше орын алатынын айта кетті. 

Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрамындағы Шыңғыс Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының директоры Абдылжан Акматалиев те халық жазушысы Шерхан Мұртазамен көп жылдар бойы етене араласқан. Ол қазақ жазушысын қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын қазақ тіліне керемет шеберлікпен аударып, қырғыз-қазақ қарым-қатынасын нығайту үшін мол еңбек еткен ұлы адам екенін айтып, Шерхан Мұртазаны толқыныспен еске алды.

Іс-шара барысында Шерхан Мұртаза жайлы фильм көрсетілді. Конференция материалдары ғылыми жинақта жарияланады.  
 

Өзгелердің жаңалығы