Шенеунік түрмеде отырған уақытын жасыру үшін "больничный" жасатқан

Жалған құжат дайындағаны үшін дәрігер мен басшы жазаланды.

 ©BAQ.KZ архиві Бүгiн 2026, 11:24
Бүгiн 2026, 11:24
300
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қызылорда облысында СЭБ бөлім басшысы 15 тәулікке қамалуын жасыру үшін ауруханадан жалған анықтама алған. Бұл әрекеті үшін шенеунік қана емес, оған көмектескен дәрігер де сот алдында жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қызылорда облысының прокуратурасы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметіне тексеру жүргізу барысында лауазымды тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісін анықтады. 

Атап айтқанда, Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамаққа алынған.

Алайда, мемлекеттік қызметші жұмыста болмаған себебін жасыру және жұмыстан қалуын заңдастыру мақсатында басшылыққа жалған уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ұсынған.

Тергеу барысында құжаттың жалған екені және оны Сырдария аудандық ауруханасының дәрігері дайындағаны белгілі болды. Прокурорлық тексеру материалдары негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, іс сотқа жолданды. Соттың үкімімен аудандық аурухана дәрігері жалған құжат дайындағаны үшін ҚК-нің 385-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ал, бөлім басшысы көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін ҚК-нің 385-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, - деп хабарлады Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз қызметі. 

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін елімізде мүгедектік құжаттарын қолдан жасау фактілеріне қатысты тексеру басталғаны хабарланды. 

Наверх