Шекарашылар Каспийде заңсыз балық аулаған екі адамды ұстады

10 Маусым 2023, 14:20
618
Бөлісу:
Шекарашылар Каспийде заңсыз балық аулаған екі адамды ұстады
Фото: BAQ.KZ - архив

Әлеуметтік желіде екі адамның ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметкерлерін қорлап, олардың қызметтік іс-қимылын жүзеге асыруына кедергі келтіргені туралы бейнеролик тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 2023 жылдың 2 маусымында Каспийдегі аумақтық және ішкі сулардың режимін бақылау кезінде болған.

Шекарашылар болжам бойынша заңсыз кәсіппен айналысқан екі азамат мінген резеңке қайықты анықтаған.

Екі адам Шекара қызметінің қайығы жақындаған кезде жасырынуға тырысып жағаға қарай бет алғандарымен оларды жаяу жасақ тоқтатып алған.

Олар шекарашылардың жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсетулері туралы заңды талабына қарсылық білдірген. Шекара қызметінің әскери қызметшілері ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірге аталған азаматтарды ұстады.

Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Полиция бөлімі осы факті бойынша ҚР ҚК 378-бабының 1-бөлігі («билік өкілін қорлау») бойынша қылмыстық іс қозғады.

Өзгелердің жаңалығы