Шекаралық аудандарға арнайы мәртебе беру ұсынылды

26 Наурыз 2025, 11:45
417
Бөлісу:
Шекаралық аудандарға арнайы мәртебе беру ұсынылды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстанның шекара маңындағы аудандарын дамыту үшін арнайы заң қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, шекаралық аймақтарды қолдау шаралары бірнеше нормативтік актіде шашыраңқы күйде қалып отыр, ал нақты үйлестіруші органның болмауы мемлекеттік субсидияларды бөлуде басымдықтарды белгілеуге кедергі келтіріп отыр.

Қазір Қазақстанның 14 облысы көршілес 5 елмен (Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан) шектеседі. Бұл аймақтарда 65 аудан бар, онда 3,5 миллионға жуық адам тұрады. Ал шекарадан 50 шақырымдық радиуста 1,7 миллион халқы бар 1 283 елді мекен орналасқан, - деді депутат.

Алайда, климаттың қолайсыздығы, инфрақұрылымның тозуы, жұмыссыздық, Кеңес Одағы кезіндегі жеңілдіктердің жойылуы және аудандық құрылымдардың өзгеруі салдарынан 65 ауданның 40-ында халық саны күрт азайған. Бұл әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында айқын байқалады.

Саировтың сөзінше, Мемлекет басшысының бастамасымен Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында Қатон-Қарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншы аудандары қайта құрылды. Бұл өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізгені байқалады. Сонымен қатар, шекаралық аумақтарды қолдау шаралары бірқатар мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған.

Дегенмен, осы бағдарламаларда қарастырылған жеңілдіктер іс жүзінде толық орындалмай отыр. Бұл шекаралық аудандарда халықтың тұрақтануына кері әсерін тигізіп, тұрғындардың жаппай көшуін тоқтатуға мүмкіндік бермей отыр.

Канада, Норвегия, Австралия сияқты аумағы үлкен, халқы сирек елдер шалғайдағы және шекара маңындағы аймақтарды дамыту үшін жергілікті тұрғындарға салықтық, әлеуметтік, несиелік және энергетикалық жеңілдіктер береді.

Ерлан Саиров “Қазақстан Республикасының шекаралық аумақтарын дамыту туралы” арнайы заң қабылдауды ұсынды.

Бұл құжат:

  • шекаралық аудандарға арнайы мәртебе беруді;
  • мемлекеттік қолдау шараларын бір жүйеге келтіруді;
  • халықтың тұрақтануын ынталандыруды;
  • шекаралық қауіпсіздікті нығайтуды көздейді.
Өзгелердің жаңалығы