Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ош облысының Чон-алай ауданында бес ауылдың тұрғындары эвакуацияланды. Бұл туралы 24.kg ақпарат агенттігіне Президент әкімшілігінің аудандық аппарат басшысы Файзидин Низамов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Жекенді ауылдық округінің 8 мыңға жуық тұрғыны өз үйлерін тастап кеткен.
Тұрғындардың бір бөлігі Дароот-Коргон ауылына жеткізілді. Олардың барлығы жергілікті тұрғындардың үйлерінде орналасты. Эвакуацияланғандарды орналастыру үшін спорт залдары мен әлеуметтік объектілер дайындалған, бірақ әзірге онда ешкім жоқ, - деді Файзидин Низамов.
Ол Чон-алай ауданында әзірге жағдай тұрақты екенін атап өтті.
Біз қақтығыс шиеленіскен жағдайда қауіпсіздік мақсатында тұрғындарды эвакуациялаймыз, - деді шенеунік.
Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрі Бообек Ажикеев Ош облысының Чон-алай ауданындағы жағдайды бақылап, жергілікті тұрғындарды эвакуациялауға басшылық етеді.
Елдің ТЖМ баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгін сағат 19.30-дан бастап Чон-алай ауданының Жекенді, Қара-Тейит, Қара-Мық, Шұлық және Шибе ауылдарының тұрғындары Дароот-Коргон ауылындағы мектепке эвакуацияланады.
Басқа жергілікті тұрғындар А.Мырзақұлов атындағы орта мектепке, 44 ПТУ мен Орталық мешітке орналастырылады. Эвакуациялау жұмыстарына ТЖМ аудандық бөлімдері, Чон-алай ауданының басшылығы және азаматтық қорғаныс комиссиясы тартылды. ТЖМ Чон-алай аудандық басқармасының басшылығы азаматтарды көшіруді ұйымдастырумен айналысады. Сонымен қатар ТЖМ гуманитарлық көмек ұйымдастыруға кірісті, - деді министрлік өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, тәжік тарапы бүгін сағат 03.00-де Қырғызстан аумағына 1 мың метрге дейін терең еніп, Чон-алай ауданының Унжу-бұлақ елді мекеніндегі шекара учаскесінде контейнер орнатуды бастады. Сағат 06.00-де тәжік тарапы орнатылған контейнерден 600 метрге алшақтады.
Қазір ҰҚК Шекара қызметінің қырғыз-тәжік учаскесінде орналасқан бөлімшелері күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр.