Шекарадағы қақтығыстан Қырғыстанның 11 әскери қызметкері зардап шекті

28 Қаңтар 2022, 10:42
1315
Бөлісу:
Шекарадағы қақтығыстан Қырғыстанның 11 әскери қызметкері  зардап шекті

Алматы, BAQ.KZ. Қырғыз-тәжік шекарасында болған қақтығыстан Қырғызстанның 11 әскериі зардап шекті. Бұл туралы Қырғызстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, төрт жауынгер жарылғыш заттың сынығынан жараланған, ал екеуі оқ жарақатын алған. 

Жаралылардың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда,-делінген хабарламада.

Сондай-ақ медициналық көмек көрсету үшін Ош облысынан екі бригада аттанған, олардың қатарында нейрохирург, травматолог, хирургтар бар.

ҚР ҰҚМК-нің мәліметінше, 27 қаңтарда Тәжікстан шекарашылары сағат 17:30 шамасында Баткен-Сифана тасжолының  Баткен ауданына қарасты Төрт-Көчө аумағын жауып тастаған. 

Қырғызстанның ҰҚМК-нің Баткен облысы бойынша басқарма басшысы Кыялбек Толонбаев пен Баткен шекара отрядының башысы полковник  Рустам Миршакиров бірден оқиға орнына барған. 

Келіссөздерден кейін сағат 19:30 шамасында жабылған жол қайта ашылыпты. Бірақ сағат 19:35 кездерінде тәжік тарапы қырғыз шекарашыларына қарай оқ атып, жағдай қайта ушыққан. Тәжік тарапы миномет пен гранатомет қолданғаны айтылды.

Қырғызстан мен Тәжікстан әскерилері арасындағы атыс 27 қаңтар сағат 23:50 кезінде тоқтаған. Атысты тоқтату кезеңінде тараптар өкілдерінің кездесуі өтеді деп жоспарланған. Алайда тәжік тарапы екіжақты атысты тоқтату келісімін тағы бұзып, қырғыз әскерилерінің позицияларын атқылауды жалғастырған.

Кейін екі жақты келіссөзден соң шекарадағы атыс тоқтаған.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров халыққа үндеу жолдап, шекарадағы жағдай бейбіт жолмен реттеледі деп сендірді.

28 қаңтар таңғы сағат 8:00 кезінде берілген ақпарат бойынша түнде шекарада атыс болмаған, жағдай тұрақты.
 

Өзгелердің жаңалығы