«Шекара-Антитеррор-2021» жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтті

7 Қазан 2021, 22:58
5866
Бөлісу:
«Шекара-Антитеррор-2021» жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес Жамбыл облысының аумағында Жамбыл облысының әкімі басқаратын өңірлік жедел штабтың бірлескен «Шекара-Антитеррор-2021» облыстық жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өтті. 

Шара терроризмге қарсы күрес жөніндегі Жамбыл облыстық жедел штабтың күш-құрылымдарының террористердің шекараны бұзу қаупіне дайындығын арттыру, барлық мемлекеттік органдардың бірлескен жұмыстарын күшейту, бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеу мақсатына негізделді. Сондай-ақ, өңірлік жедел штаб дағдарыстық ахуалдарды еңсеру бойынша міндеттерді саралады.

Босқындардың Қазақстан шекарасы арқылы жаппай өтуіне байланысты әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде өзара әрекеттесу дағдылары пысықталды.

Бағдарлама бойынша оқу-жаттығу мемлекеттік шекарадағы бұзушылық, босқындарды қабылдау және орналастыру, террорлық шабуылдың жолын кесу секілді үш кезеңде өрбіді.

Барлық органдардың үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында жаттығулардың мақсат-міндеттері толығымен орындалды.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев оқу-жаттығу барысында террористік қатерлердің алдын алу бойынша өзара әрекеттердің жоғары деңгейде орындалғанын атап өтті.

Халықаралық жағдайлар күрделене түскен шақта шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауда ұстап, жауынгерлік әзірлікте болу қажет. Біздің облыс шекаралас аймаққа жатады. Ел басшылығының тапсырмаларына сәйкес өткізу пункттерінің материалдық-техникалық базасын күшейту, әскери қызметшілердің санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде - деді Бердібек Сапарбаев.

Отан шекараларын берік күзету және қорғау – республиканың тұтастығының, оның аумағындағы бейбітшілік пен тыныштықтың кепілі.

Мемлекеттік және құқық қорғау органдары тығыз ынтымақтастықта болып, қоғамның террористік қатерлерден қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жетілдіре түсуі тиіс. Ең бастысы – әрқашан сергек және жоғары дайындық керек. Бұл ретте қызметкерлер, ең алдымен, қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз ету, халықты уақытылы ақпараттандырудың маңыздылығын ұмытпауы керек, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, облыстық полиция, төтенше жағдайлар департаменттерінің, жергілікті атқарушы органның бірлесіп ұйымдастырған шараға барлығы 300 адам, 40 бірлік техника жұмылдырылды.

Жедел-тактикалық оқу-жаттығулары босқындардың мемлекеттік аумақ арқылы жаппай көшуі жағдайындағы әрекеттерге дайындық үшін өткізіледі. Олардың шекара арқылы жаппай өтуіне байланысты тиісті іс-қимылдар, шатырлы қалашық пен басқа да нысандарды орналастыру бойынша шаралар жүргізілді, - деді Жамбыл облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Шариев.

Өзгелердің жаңалығы