Шебер: Қазақтың құрақ көрпесін әлемге паш еткеніме қуаныштымын

14 Қыркүйек 2024, 07:49
5650
Бөлісу:
Шебер: Қазақтың құрақ көрпесін әлемге паш еткеніме қуаныштымын
Фото: автордан

Күні кеше елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жеткені белгілі. Әлем назарын бірнеше күн бойы өзіне аударған ауқымды ойындарда таңқаларлық бірегей іс-шара көп болды. Солардың бірі – алып құрақ көрпенің тігілуі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

"Аламан" деген атауға ие болған құрақ көрпешілердің үлкен жобасына шығыстан, Семей қаласынан ат терлетіп келген тігіншілердің бірі – Қапиза Жұмашева. Көрпе қалай тігілді? Жоба қандай рекорд орнатты? Осы және өзге де сұрақтарға Абай елінен келген шебермен аз-кем сұхбат барысында жауап алған болатынбыз.

- 450 құрақшы атсалысқан жобаға қалай қатыстыңыз?

- Қазақстан бойынша «Аламан» құрақ атты жобаның ашылғанын, оның алдағы уақытта елордада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысып, бес жүздей құрақ көрпенің тігілетінін естідім. Жобаға шақырту алған соң дайындыққа қызу кірістім. Былтырғы рекордты жаңартамыз деп жатқанның бәрін естіп, өзім де соған қатысамын деп шешім қабылдадым. Ата-бабамыздан келе жатқан қазағымның ою-өрнегін, құрағын әлемге паш етуге атсалысқым келді. Сондықтан мен де осы көрпені тігуді қолға алдым.

- Құрақты тігуге қанша уақыт кетті?

- Бұл көрпені мен асықпай тіктім. Жазда шамамен бір айға жуық уақыт кетті. Өйткені тез-тез тіге салатын жеңіл-желпі нәрсе емес. Үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Сол үшін өзімнің алдыма осындай мақсат қойдым да, асықпай, жақсылап, сәндеп бар өнерімді салып тіктім.

Шебер: Қазақтың құрақ көрпесін әлемге паш еткеніме қуаныштымын

- Құрақта қолданылған әр оюдың өзіндік мәні бар ғой...

- Иә, әрине. Жалпы, құрақтың ені – 90 сантиметр, ұзындығы – 2,5 метр. Бір мезгілде 450 көрпе жайылды. Оның жалпы көлемі 11 200 шаршы метрді құрады. Ені бойынша 16 қатар, яғни – 40 метр, ұзындығы бойынша 28 қатар – 252 метрге жетті.

Еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан әр тігіншінің көрпелерінің, ою-өрнегінің, оның өлшемінің, түр-түсінің барлығы бірдей болып шығуы біздің қазақтың, оның ішінде, аналарының ауызбірлігін көрсету мақсатында жасалды. Сонымен қатар халқымызда қандай әсем оюдың, қандай қолөнеріміз бар екендігін әлемге паш ету.

Шебер: Қазақтың құрақ көрпесін әлемге паш еткеніме қуаныштымын

- Көрпенің тігілу техникасына тоқталып өтсеңіз.

- Көрпе бірнеше техникамен тігілді. Атап айтар болсам, «Гауһартас», «Аламан», «Сынық мүйіз» сынды құрақтың техникалары қолданылды. Оған қоса, төрткұлақ қошқар мүйіз, өсімдік оюларын қосып тіктік.

Көрпеде қазағымыздың қошқармүйіз оюы бар. Оның төрт басты болып тұруы төрт түлік малымызды бейнелейді. Сондай-ақ төрт құбыламыз тең болсын деген мағынаға ие. Сонымен бірге «Гауһартас», «Аламан құрақ», «Сынық мүйіз» деген оюларымыз бар.

- Тігіншілік – сүйікті ісіңіз бе, әлде кәсіби түрде айналысасыз ба?

- Тігіншілік – менің бала кезімнен қаныма сіңген өнер десем болады. Анам Жамал қолынан ұршығы мен инесі түспейтін қолөнерге бейім адам еді. Сол кісі де маған қолөнердің қыр-сырын үйреткен. Одан кейін өзім оқып, үш жыл Семей қаласында орталық оқу орнында «әмбебап киім пішуші» деген мамандықты алып шықтым. Тігіншілікті одан әрі қарай жалғастырдым.

Көшпенділер ойынының біздің мемлекетімізде өтетіні туралы алдында теледидардан естіп жүретін едім. Онда осындай құрақ жобасы бар, осындай көрпе тігіп, қатысып, көрмеге баратынымызды Алмагүл деген сіңлім хабарласып, «Сіздің қолыңыздан келеді. Осындай жобаға барайық деп жатырмыз. Қатысасыз ба?» деп арнайы хабарласып айтты.

Шебер: Қазақтың құрақ көрпесін әлемге паш еткеніме қуаныштымын

- Көрпені тігетін материалды қайдан алдыңыздар?

- Әрбір басталған істің басында басшысы болады ғой. Біздің де сондай басшыларымыз бар. Олар: Алматы облысында тұратын Нұргүл Абайхан, сонау Украинада тұратын қазақтың қаршадай қызы Аселина Батыр. Осы екі адамның басшылығымен бұл жоба жұмыс істеп келеді. Бізге материалды да сол кісілер жіберіп отырды. Біз өз қаражатымызға оны сатып алдық.

Жобаның осылай қарқынды жұмыс істеп, осындай жоғары дәрежеге, нәтижеге жеткенінің өзі сол екі адамның арқасы деп білемін. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 450 адамның басын біріктіріп, осындай ауқымды іс бітіргендері үшін оларға үлкен алғысымды айтамын.

- Құрақ көрпелеріңіз әлемдік рекорд орнатыпты...

- Осындай V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқаныма өзім қуаныштымын. Тарихта аты қалатын ауқымды іс-шараның қатысушысы болдым. Қазақстандық "Кинэс" рекордтар кітабына енді. Қазақстандық Гиннес рекордтар кітабына тіркелетін әлемдік рекорд жасалды. Әр шебердің есімі онда алтын әріптермен жазылады. Дүние жүзіне қазағымыздың өнерін паш етуге тамшыдай болса да қосқан үлесім деп білемін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы