«Шарында» енді бәрі басқаша болады

5 Қыркүйек 2020, 14:07
3532
Бөлісу:
«Шарында» енді бәрі басқаша болады
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Шарында туристік маршруттар мен соқпақ жолдарды дамытуға күш салынады. Заманауи визит-орталықтар, гэмпинг, кэмпингтер, этноауылдар мен караванингке арналған орын пайда болады.

Кеше «Шарын» ұлттық паркінде экотуризмді дамыту бойынша құрылған Қоғамдық кеңестің бірінші отырысы өтті. Кеңес құрамында ғалымдар, осы саланың сарапшылары, туристік қауымдастық өкілдері, қоғам белсенділері мен эко-активистер бар.


ат28.jpeg

«Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін дамыту тұжырымдамасы 21 тамыз күні таныстырылған. Қоғамдық кеңес аталған жобаның жүзеге асуын бақылауға қатысады.

ат7.jpeg

Эко туризмге жағдай жасалады

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, жобада негізінен туристік маршруттар мен соқпақ жолдарды дамытуға күш салынады. Заманауи визит-орталықтар, гэмпинг, кэмпингтер, этноауылдар салынады. Караванингке арналған орын болады. Парк аумағында күрделі құрылыс жүрмейді, нысандар жеңіл жиналатын конструкциялар арқылы тұрғызылады. Осылайша қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, сапалы қызмет ұсынатын бірегей туристік өнім жасауға мүмкіндік туады.

ат.jpeg

Қазір біз Қоғамдық кеңес мүшелерімен «Шарын» Ұлттық паркінде эко жүйені дамыту жөніндегі тұжырымдаманы қарап жатырмыз. Бұл тұжырымдама эко жүйеге зиянын келтірмейді деп шешім қабылданған соң барып қана ол жерде нысандарды тұрғызу басталады. Жалпы адам мен табиғат бір-біріне зиянын тигізбей тірлік жасай алады. Оны дүние жүзілік парктерді аралап жүргенде көрдік. Мәселен, Швейцариядағы Альпыда қандай жақсы тәртіп орнатылған. Сол сияқты біз де табиғаттағы өсімдіктерге зиянымызды тигізбей, жақсы демалу орталығын жасай білуіміз керек,-дейді Е. Нысанбаев.

ат1.jpeg

Аумақта экотуризмді жеке инвесторларды тарту арқылы дамыту жоспарланып отыр. Тұжырымдама бекітілсе ол жерде екі заманауи визит-орталық, 4 жаяу жүргінші маршруты іске қосылады. Сонымен қатар, түнейтін орындар дайындалып, этноауыл салынады және 3 көру алаңы құрылады.

ат6.jpeg

Сондай-ақ, глэмпинг, кемпинг, караванинг пункттері, қоғамдық тамақтану орындары, кәдесый дүкендері орналастырылады. Қоршаған ортаға түсетін рекреациялық жүктемені азайту үшін қызмет көрсету нысандарының бәрі шатқалдың сыртында салынбақ. Оған қоса, тау шатқалдарын велосипедпен аралағысы келетіндер үшін де жағдай жасалады.

ат31.jpeg

Салынатын нысандардың барлығы шатқалдан 300-400 метр қашықтықта салынады. Қоғамдық кеңес мүшелерінің және өзге де адамдардың айтып жатқаны табиғатқа зиян келтірмеу. Яғни эко туризмді дамытамыз деп табиғатымыздан айырылып қалмайық деген алаңдаушылық білдіруде. Қоғамдық кеңес осы парктің даму процестерінің барлығына қатысып, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп отырады,-дейді Нысанбаев. 

Жер шетелдіктерге сатылмайды

Жоба Қоғамдық кеңес мүшелерімен талқыланып, қабылданғаннан кейін ғана инвесторлар ашық байқау негізінде тартылады. Алдында Экология министрлігінде айтылғандай, ұлттық парк жерлері заң бойынша ешқандай жағдайда жеке меншікке өткізілмейді. Тек белгілі бір аумақтар ғана туризмді дамыту мақсатында уақытша пайдалануға берілуі мүмкін. Алайда инвестор өз міндеттерін орындамаған жағдайда мемлекет кез келген уақытта келісімшартты үзе алады.

ат9.jpeg

Бұл жерге инвесторлар тартылады. Алайда шетелдіктерге жер берілмейді, тек отандық компанияларға беріледі. Оның ішінде жер жалға емес, тек қолданысқа ғана беріледі, оның барлығы тұжырымдамада көрсетілген шартпен белгіленеді,-дейді вице-министр.
ат10.jpeg

Министрлік қолға алып отырған қызметтердің барлығы эко туризмді дамтыуға арналғанын айтады. Мысалы, қарапайым адам арқасына сөмкесін іліп, тамағын өзімен алып шықса ол паркке кіру ақшасын ғана төлейді. Паркке кіру адам басына 500-600 теңге айналасында болады. Бұл қаржы туристік жалғызаяқ жолдарды тазалауға, отыратын орындарды сырлап тұруға жұмсалатын көрінеді. Егер туристер екі күнге келіп, түнеу қажет болса, бұл жерде де таңдау бар. Өз шатырын алып келгендер арнайы арнайы шатыр тігетін орынды жалға ала алады. Ол жерлер дәретхана және басқа да қажетті құралдармен қамтылады.

ат11.jpeg

Мәселен, адам визит-орталыққа келгенде парктегі жалғызаяқ жолдардың бағыттары тұрады. Онда баламен келгендерге арналған 5 шақырымды жол, 10 және 30 шақырымдық жолдар бар, соның 15 шақырымында палаткамен жасалған лемпингтер болады. Сол жерде қонып, саяхатты ары қарай жалғастыруға болады,-дейді Е. Нысанбаев.  

Қоғамдық кеңес мүшесі Мұхтар Тайжан еліміздегі көрікті жерлерді халық көріп, біліп, оның игілігін көру керек деген пікірн білдірді.

ат12.jpeg
Жер бос жатпау керек, оны игеруіміз қажет. Оның пайдасын, игілігін көрген кезде ғана жергілікті халықтың әл-ауқаты көтеріледі. Шетелдік туристерді көптеп тарту керек, олар текке келмей мұнда ақшасын қалдырып кетеді. Бұл сала да үлкен табыс көзіне айналу керек. Бірақ жерді шетелдіктерге сатуға, жалға беруге болмайды,-дейді қоғам белсендісі.
ат14.jpeg

Қазақстан туристік қауымдастығының директоры әрі Қоғамдық кеңес мүшесі Рашида Шайкенова ішкі туризмді дамыту халықтың табиғатқа деген аяушылығын оятып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға өз үлесін қосатынын айтады.

ат15.jpeg

Мәслелен, 2014 жылы ішкі туризм 88 млн табыс тапса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 170 млн-ға жетіп отыр. Әсіресе жергілікті тұрғындардың туризм саласында жұмыс істеуі артып келеді. Олардың көбі қонақ үй бөлмелерін ашуда. Сондықтан бұл сегмен жақсы даму үстінде және сонымен бірге жергілікті халықты жұмыспен қамтуда септігін тигізуде. Бұл жастардың қалаға ағылмай, өз туған жерінде еңбек етуіне жағдай жасайды,-дейді ол.
ат34.jpeg

Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов жоба аясында тұрғызылатын нысандардың барлығы экологиялық талаптарға сай жүргізілу керектігін айтады.

ат2.jpeg

Ұлттық парктің негізгі мақсаты – эко жүйені сақтау. Қазір көтеріліп жатқан жоба халыққа қолжетімді болу керек. Мұнда инфрақұрылым болмаса да халық келеді. Бірақ олардың артынан қаншама қалдық қалады, дәретхана, басқа да арнайы орындар болмаса көптеген мәселе туындайды. Оған Көбейтұздағы жағдай дәлел. Ол жерде полициямен бірге рейд жүргізгенде демалушылар артында қаншама қоқыс қалғанын көрдік. Қолға алып отырған бұл жоба сондай экологиялық мәселелерді шешуге арналған. Салынатын үлкен құрылыстардың арнайы құжаты болу керек, яғни арнайы талаптарға сай болу қажет. Ал шағын құрама нысандарды кәсіпкерлер өздері тұрғыза береді. Дегенмен барлық нысандар экологиялық талаптарға сай, қорытындысы болу керек,-дейді З. Жолдасов.
ат40.jpeg

«Шарын» ұлттық паркі

Ұлттық парк аумағында жалпы қашықтығы 30,5 шақырымды құқрайтын 4 туристік бағыт іске қосылған. Оның біріншісі - «Шарын ерен тоғайы». Туристер ол жерден жасы 5 млн жылдан асқан палеоген дәуірінен бері сақталып келе жатқан табиғат ескерткіші – соғды еренімен танысады. Шарын ерен тоғайының жалпы көлемі 5014 га, ал маршруттарының жалпы ұзындығы 2,5 шақырым.

ат41.jpeg

Екінші - Шарын шатқалы «Қамалдар аңғары». Шарын шатқалы теңіз деңгейінен 1300 метр биіктікте орналасқан. Құздардың биіктігі 370 метрге дейін жетеді. Шатқал шығысқа қарай 3 шақырым жерге созылып жатыр, ал ені 200 метрден 700 метрге дейін. Ланшафты-Шарын шатқалы бұдан 12 млн жыл бұрынғы геологиялық заманнан сыр шертеді. Маршруттың басталуы жаяу түсетін баспалдақтан басталып, Шарын өзенінің сағасына дейін жетеді.

ат38.jpeg

Үшінші – бейіттер мен қорғандар. Маршрут Алматы қаласынан шығысқа қарай Алматы-Шонжы тасжолы бағытынмен 219 шақырым жерде орналасқан. «Бейіттер мен қорғандар» маршрутын жүріп өту барысында Ерен тоғайына панорамалық көрініс ашылады, сонымен қатар Үлкен Бұғыты тауын көруге мүмкіндік бар. Маршрут бойында 108 бейіт пен қорған кездеседі. Зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында 17 қорған қазылып зерттелген.

ат37.jpeg

Төртінші – Темірлік-Кіші шатқал. Аталған шатқал теңіз деңгейінен 939 метр биіктікте орналасқан. Ұзындығы 10 км. Бұл бағытта полеоген дәуірінен сақталып келе жатқан ерен ағашын кездестіруге болады. Кіші шатқал геологиялық туристік танымдық бағыт, Шарын өзенінің жағасында, Бестамақ тауларының маңында орналасқан. Құздардың биіктігі 375 метрге дейін жетеді.

Паркте 34 түрлі сүтқоректі, бауырымен жорғалаушылардың 18 түрі, амфибияның 4 түрі және 100-ден аса құс түрі мекендейді. Жалпы парк аумағы флора мен фаунаға өте бай.

Шарын мемлекеттік ұлттық паркі қазіргі заңдылықтарға сәйкес ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі Комитетіне қарайды. Республикалық маңызы бар мекеме. Парк құрылымы 5 бөлімнен тұрады, жалпы штатта 46 адам жұмыс істейді.

ат33.jpeg

Парк аумағында 3-4 жерде биодәретхана қойылған, сонымен қатар 100 көлікке арналған автотұрақ бар.

ат30.jpeg

Паркке келген туристер саны:

2017 жылы – 10 000 турист келген, оның 5334-і шетелдік.

2018 жылы – 13 220 турист, 7022-сі шетелдік.

2019 жылы – 20 648 турист келсе, оның 8397-сі шетелдік.

ат25.jpeg

Мамандар алдағы бес жылда «Шарын» ұлттық паркіне келетін туристер саны 180 мың адамға жетеді деген болжам жасап отыр.

ат3.jpeg




Өзгелердің жаңалығы