Түркістан облысында 2025 жылы күріш егісінің көлемі белгіленген жоспардан 3,3 есе асып кеткен. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, бекітілген 4000 гектардың орнына облыста күріш 13 258 гектарға дейін егілген. Бұл көрсеткіш облыстың су ресурстарына орасан салмақ түсіріп, бірнеше ауданда су тапшылығының ушығуына себеп болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ресми дерегінше, жыл басында облыста ауыл шаруашылығы дақылдары жалпы 890 мың гектарға орналастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға көп. Дәнді дақылдар, майлы дақылдар, әсіресе мақта егісінің көлемі ұлғайған. Алайда күрт ұлғайған күріш көлемі жоспарлы құрылымды бұзып, мал азығы мен бақша дақылдарының егістік аумағын қысқартуға мәжбүрлеген.

Биыл ауа райының жауын-шашынсыз, құрғақшыл болуы, сондай-ақ трансшекаралық өзендерден су мөлшерінің аз келуі су тапшылығы мәселесін күшейтіп отыр. Соған қарамастан күріш егісінің 13 мың гектардан асуы біздің басқарма тарапынан емес, тікелей шаруалар мен су жеткізуші ұйым арасындағы келісімдер нәтижесінде болған. Бекітілген жоспар 4000 гектар болатын, – дейді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы су ресурстары бөлімінің басшысы Мәмет Нұрбол Маратұлы
Ең алаңдатарлығы, күріш егісінің артығымен орындалуы алдын ала жоспарланған ресми межеге және облыс әкімдігінің бірнеше рет берген тапсырмасына қайшы болған. 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы жалпы өнімін 2 есе ұлғайту жөніндегі Жол картасы аясында күріштің егістік көлемін нақты 4 мың гектармен шектеу көзделген болатын. Соған қарамастан, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы тарапынан күріш дақылын суару үшін 1032 шаруамен келісімшарт жасалған.
Мақтаарал мен Жетісай аудандарында шаруалардың мақтаның орнына өз беттерінше күріш еге бастағаны да анықталып отыр. Мәселен, Жетісайда 66 шаруашылық 1079 гектар жерде, Мақтааралда 137 шаруашылық 1128 гектар жерде егістік құрылымын өздігінен өзгерткен.
Бұл жағдайға тікелей ықпал еткен жайттардың бірі шаруалардың нарықтағы сұранысты ескере отырып, күрішті табысты дақыл ретінде таңдауы. Дегенмен, су тапшылығы жағдайында мұндай шешімдердің зардабы ауыр болуы мүмкін. Біз әкімдік тарапынан да, министрлік тарапынан да бірнеше мәрте ылғал көп қажет ететін дақылдар көлемін шектеу туралы тапсырма бергенбіз. Бірақ, кейбір келісімшарттар біздің бақылауымыздан тыс жасалған, – дейді Нұрбол Мәмет.
Күріш егісінің шектен тыс ұлғаюы жауын-шашынсыз әрі трансшекаралық өзендерден келетін судың азаюы жағдайында аса күрделі мәселе болып отыр. Атап айтқанда, «Достық» магистралды каналынан тек 69% ғана су босатылған (лимит – 1 116 млн м³, нақты – 769 млн м³). Шардара су қоймасындағы су көлемі де өткен жылмен салыстырғанда 1,3 млрд м³-қа кем. Осы себепті облыстың оңтүстік аудандарында әсіресе Шардара, Жетісай және Мақтааралда су тапшылығы қатты сезілуде.
Мұндай жағдайға жауапты тараптар түрлі шараларды қолға алып жатқанын мәлім етті. Су алу кестесі мен кезектілігі нақты белгіленіп, алдымен мақта, тек артылған жағдайда ғана күріш суарылады. Сонымен қатар, күріш егетін шаруалармен жасалған келісімдерде су тапшылығы жағдайында су толық берілмеуі мүмкін екені алдын ала ескертілген.
Ендігі кезекте біз күріш сияқты суды көп қажет ететін дақылдарға нақты шектеу қоюды күшейтеміз. Қазірдің өзінде облыс бойынша 9608 келісімшарт түзілді. Бұл алдағы уақытта бақылауды күшейтіп, су үнемдеу технологияларына кезең-кезеңімен көшуді талап етеді. Шаруалармен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді су ресурстары бөлімінің басшысы.
Облыс әкімдігі су тапшылығын азайту үшін бірқатар нақты қадам жасаған. Ауыл шаруашылығы басқармасы мен су шаруашылығы ұйымдары бірлесіп, суды үнемдеу технологияларын енгізу, тозығы жеткен каналдарды жөндеу, суды кезектілікпен беру және ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруда. Сонымен қатар, Өзбекстанмен өзара келіссөздер жүргізу үшін облыс басшылығы көрші елге бірнеше мәрте сапар жасап, қосымша су босатуға қол жеткізген.
Жүйесіздік пен бақылаудың әлсіздігінен туындаған бұл жағдай өңірлік деңгейде су ресурстары мен ауыл шаруашылығының өзара тығыз байланыста екенін тағы да айқындап берді. Ендігі міндет жоспардан тыс шешімдердің салдарын саралай отырып, тұрақты бақылау мен нақты шектеу механизмдерін қалыптастыру болмақ.
Еске салсақ, Түркістан облысындағы судан қысылған шаруаның батыл қадамы жайлы жазған едік. 30 жылдан аса уақыт бойы ақ ұлпаға айналған мақтаны баптап келген шаруа биыл алғаш рет күнбағыс егіп, тың бастамаға бел буған.