Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Шаруалар дабыл қақты": Атырауда шегіртке жайылымдарды отап жатыр

11 Шілде 2025, 17:07
1462
Бөлісу:
 BAQ.KZ
VIDEO
Фото: BAQ.KZ

Атырау облысында шегіртке көбейгені жайында видеолар әлеуметтік желіде тарап жатыр. Жәндіктер әсіресе өңірге қарасты аудандарда күрт артыпты. Тұрғындар мен шаруалар қанаттылардың кесірі көп екені жайлы айтып, дабыл қақты. Әкімдіктегілердің жұмысы жүйелі емес деген ойда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шаруалар мен тұрғындар шегірткенің проблемасын жыл сайын көтереді. Бұл жалғыз батыста емес, елдің барлық өңірінде бар мәселе. Бірақ Атырау облысында биыл қанаттылар күрт көбейген. Жайылымның бәрін отап, түгін қалдырмай жеп жатыр дейді жұрт. 

Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы бүйрек құмдарында биылғы шегіртке 6-мамырдан бастап көрінді. Бұл жерде шегірткелер малдың жайылымдық жерлерінен аса көп көлемде анықталды. Негізінен бұл бүйрек құмында Қызылқоға ауданының Жасқайрат ауылдық округі, Көздіқара ауылдық округі, Тасшағыл ауылдық округінің мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары жайлайды. Енді осы жерлерде биылғы жылы шегіртке өте орасан көп шықты. Бұл шегірткелерді жалпы күз, көктем айларында анықтап, дернәсілдерін табу арқылы шегірткенің қанша гектар жерге жайылатынын, қанша жерге зақым келтіретінін болжауға болады. Өзінің оны есептейтін жүйесі бар. Бірақ өкінішке орай бізде шегірткені анықтап жүрген адамдарды өткен жылдың күз айларында да, биыл да көрген жоқпыз,-деді сала ардагері Жангелді Рахметқалиев.

Ушыққан мәселені көре тұра әкімдіктегілер жүйелі әрекет жасамай отырған көрінеді. Улануы тиіс аумақ, шенділер есептеген, болжағаннан да көп деп отыр халық.

Мен өзім қазір зейнеткермін. Осы салада еңбек еттім. Мамандығым зооинженер. Қызылқоға ауданында 25 жыл жұмыс істедім мал шаруашылығы саласында. Сол уақыттарда да шегіртке болды. Ол уақытта шегірткемен күрес жұмыстары үлкен көлемде, ұйымшылдықпен жүргізілген еді. Енді биылғы жылғы шегірткенің шығуына жасалған болжам дұрыс болмады деп есептеймін. Жалпы бүйрек құмының көлемінде 3 мың гектар жер ғана шегіртке дернәсілінен зақымданған деп құжат жасақталған. Бірақ ол жер одан 10-15 есеге көп. Яғни  енді бұл аса қауіпті өсімдік зиянкесі италияндық шегірткеге мемлекеттің тарапынан бөлініп тұрған қаржы 3 мың гектарға бөлінген. Ал негізінен біздің ойымызша шегіртке 30,40,45 мың гектарға жайылған. Оны жоюға бөлінген ақша, техника, пестицидтердің жетпеуі айдан анық нәрсе, - дейді Жангелді Рахметқалиев. 

Зейнеткердің өз отбасында да шаруа қожалығымен табыс тауып отырғандар бар. Баласына тиесілі жер учаскесінің көп бөлігін осы шегрітке отап кетіпті. Жұмыс жүйелі болу үшін ең алдымен техниканы да дұрыстау керек деп есептейді. 

Жұмыстың дұрыс ұйымдаспауы салдарынан шегірткемен күрес мекемелері, тендерді жеңіп алған мекеме жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмай отыр деп айта аламыз. Оны дәлелдеп айту үшін осы облыс көлеміндегі чаттар арқылы шығып, сұраныс жасадық бірақ келген мамандармен, басшлармен аралап көргенде, шегірткенің өте көп екені анықталды. Әрине мен өзім зейнткермін қазіргі кезде. Баламның шаруа қожалығы бар. Сол қожалықтың жерлерінің 3 тен 2 бөлігін қазір шегіртке отап тастаған. Қазіргі кезде мал сол суы бар жайылымдық жерлерде ғана жүр. Ертең күз бен қыста малды қайда апаратынымызды білмей, бас аурымызға айналды. Кезінде мен де өзім осы салада болдым ғой. Қазір бізге келген техниканы қарасаң 80 жылдары шыққан, 45 жыл болған техника. Аэрозольды тәсілмен шашты дәріні. Бірақ ол да бізге келмейді. Құмға мүмкіндігі жетпейді ол техниканың. Кіші авиацяның да үшу уақыты аз болды. Сонымен ешқандай жұмыс жүйелі болмады дейді, - Ж.Рахметқалиев. 

Бұл проблеманы көтеріп жүргендердің тағы бірі Қызылқоға ауданының тұрғыны Есенбай Нұров. Ол жұмысқа қазірден кіріспесек, келер жылы зиянкес шегірткелердің саны 10 есеге дейін артыруы мүмкін дейді. 

Ойыл өзенінің екі жағында жатқан Тайсойған және Бүйрек құмдарында қалың шегіртке қаптап, жерді тоздырып жатқаны бүгінгі таңда бүкіл елге белгілі. Өйткені осы сәуір айынан бастап дабыл көтерген болатынбыз. Осы мәселені облыс әкіміне де жеткіздік. Бірақ өкінішке орай былтырғы шегірткенің өсімталдылығын зерттеген мезгілде жоспардан қате кеткен. Биыл сол өсіп шыққан шегірткелердің 10 процентін де жоя алмадық десек те болады. Енді шегіртке қазір көшіп жатыр. Келер жылы бұдан 10 есеге дейін көп болуы мүмкін. Сондықтан облыс басшыларын, жауапты инспекцияларды бірлесіп қимылдап, қалай болғанда да келер жылға дайындықты күшейтуді қолға алу керек деп есептеймін, - дейді Қызылқоға ауданының тұрғыны Есенбай Нұров. 

Ал әкімдіктегілер әдеттегідей бәрі бақылауда, жұмыс жүріп жатыр деуден танбайды. Былтыр жалпы аймақта 86 мың гектар жер уланса, биыл бюджеттен шегірткенің екі түріне 350 млн теңгедей ақша бөлініп, 65 100 гектар аумақта жұмыс жүргізіліпті. 

Жұмыс жүргізілді. Шегірткенің екі түріне қарсы жұмыс жүргіздік. Олар әсіресе Қызылқоға ауданында көп. Басқа аудандарда да бар. Жалпы соңғы 2-3 жылда елде шегірткенің күрт көбейгені байқалады. Ол жасырын нәрсе емес. Жалғыз Атырау облысында емес, бұл барлық өңірде бар нәрсе. Қазір біз күрес жұмысын аяқтадық. Ендігі қалғаны шегірткенің ұшу бағытын, қай жерге қоныстанатынын анықтау. Біз артынан еріп жүреміз. Сол арқылы келесі жылға болжам жасаймыз,-дейді ҚР АШМ Агро-өнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті аумақтық инспекциясының басшысы Тілек Әміров. 

Жалғыз жайылымда емес, шегірткелер үдере көшіп, тас жолға шыққан көлік жүргізушілеріне де кедергі келтіреді. Тіпті желіде автокөлік үстіне жабысып, толып қалған шегірткелердің видеосы да тарады. Бірақ тұрғындар қанша дабыл қаққанымен, жауаптылардың биылғы жұмысы аяқталды. Енді қанатттыларды улау келер жылы ғана жалғасады. Ал оған дейін ата кәсіппен жан бағып отырған өңірдегі жұрт проблемамен өздері күресіп, өз жыртықтарын өздері жамайды. 

Өзгелердің жаңалығы