Шәпкенов Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы туралы айтты

2 Наурыз 2022, 19:30
1356
Бөлісу:
Шәпкенов Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2021 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2022 жылға арналған жоспарлар бойынша кеңейтілген алқа отырысы барысында ведомство басшысы Серік Шәпкенов Еңбекмині Мемлекет басшысының жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру мәселелеріне қатысты тапсырмаларын қалай іске асыратыны туралы айтып берді.

Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің, орталық мемлекеттік органдардың, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» ҰКП, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында Парламент Мәжілісінің отырысында Мемлекет Басшысы жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып, нақты тапсырмалар берді. Олардың кейбіреулері толығымен орындалды, – деді Серік Шәпкенов.

Мәселен, Президенттің тапсырмаларын іске асыру мақсатында жастарды жұмыспен қамту бөлігінде «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша өту мерзімі мен жалақы мөлшері ұлғайтылды. Жастар практикасы 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды, еңбекақы төлеу 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды (қазіргі уақытта. - 25 АЕК). «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі жалақыны 30 АЕК-ке дейін өсіре отырып (қазіргі уақытта – 20 АЕК), 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жастардың іскерлік бастамаларын дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша грант көлемі екі есеге артты (200 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін немесе 612,6 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін).

Ағымдағы жылдың 21 қаңтарында Мемлекет басшысы ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесуде шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны қысқарту бойынша тапсырма берді. Тапсырма орындалды, біз тиісті бұйрықты қабылдадық. Квота 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін қысқартылды. Бұл шара ішкі еңбек нарығын қорғауға, сондай-ақ қазақстандық азаматтарды жұмысқа орналастыруға әкеледі, – деді Серік Шәпкенов.

Өзгелердің жаңалығы