Шәпкенов Мемлекет басшысы қойған міндеттердің іске асырылуы туралы хабардар етті

12 Қаңтар 2022, 10:02
1343
Бөлісу:
Шәпкенов Мемлекет басшысы қойған міндеттердің іске асырылуы туралы хабардар етті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ҚР Үкіметі отырысында Мемлекет басшысының осы жылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында айтылған тапсырмалары қалай іске асырылатыны туралы айтып берді.

Өз сөзінің басында Серік Шәпкенов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) алға қойылған міндеттерді іске асыруға кіріскенін, оның бірі «ҚР Әлеуметтік кодексін уақтылы қабылдау» болып табылатынын хабарлады.

Қазіргі уақытта Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлеу жүргізілуде, оны 2022 жылғы желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу жоспарланып отыр. Әлеуметтік кодексті қабылдау: азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен міндеттерін бір жүйеге келтіруге; мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің әлеуметтік саладағы міндеттемелері мен жауапкершілігін нақтылауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік кодексті қабылдау халықтың мемлекет жүргізіп отырған әділ әлеуметтік саясатты түсінуін жақсартады және біздің азаматтарымыздың өмір сүру деңгейінің сапасын арттырады деп болжануда, – деді министр.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, екі ай мерзімде халықтың табысын арттыру бағдарламасын қабылдауды» тапсырды.

Халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша бірқатар ұсыныстар бар. Бірінші кезекте, бұл жалпы табыс пен жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған бастамалар. Жеке қолдау шараларын: мамандық таңдауға, оқуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсету үшін халықтың әлеуметтік осал топтары мен NEET санатындағы жастарды «ерте анықтау жүйесін» енгізу көзделіп отыр. Ақпараттық жүйелердің көмегімен іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде жұмыс орындарын құруды және жұмысқа орналастыруды бақылауды қамтамасыз ету жоспарлануда. Жұмысқа орналасуда жастарға, әсіресе NEET санатына басымдық берілетін болады. Екіншіден, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, ауыл кәсіпкерлігін дамыту бойынша шаралар кешені әзірленуде. Бұл шаралар ауылдардың мастер-жоспарларын қалыптастыруды, кәсіпкерлікке оқытуды, өнімдер мен қызметтерді сатып алуға кепілдік бере отырып, жеңілдетілген кредиттер мен гранттарды қамтитын болады, – деді Серік Шәпкенов.

Министр Еңбекмині халықты жұмыспен қамту бойынша жұмыс аясында жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Қазіргі уақытта Министрлік жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған шараларды жүзеге асыруда – бұл «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары. Аталған жобаларды күшейту үшін жастардың қатысу мерзімі мен жалақы мөлшері ұлғайтылады, – деді Серік Шәпкенов.

Сөз соңында ол тұрақты жұмыс орындарын құру шарттарының бірі – кәсіпкерлікті дамыту болып табылатынын атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке ісін дамытуға арналған грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін (612,6 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін) ұлғайтылады, сондай-ақ қаржыландыруға үміткер бизнес-жобалардың атаулылығын және бағалануын күшейту бойынша шаралар кешені қабылданады, – деп түйіндеді министр.

Өзгелердің жаңалығы