Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Алматыда жиналды

24 Тамыз 2023, 13:33
767
Бөлісу:
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Алматыда жиналды
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің (ҰҮК) отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілері Мемлекет және үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері кеңесінің қабылданған шешімдерін жүзеге асыру және жаңа шешімдерді дайындау бойынша кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі Даму стратегиясы, «Әділ бейбітшілік пен келісім үшін әлемдік бірлік туралы» бастамасы және ұйымның қызметін одан әрі жетілдіру тұжырымдамасы бойынша жобалары таныстырылды.

Отырысты ашқан Қазақстан Республикасының ШЫҰ қызметі жөніндегі Ұлттық үйлестірушісі, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мұрат Мұқышев өз сөзінде Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының дамуына жаңа серпін беруге, сондай-ақ ШЫҰ және оған мүше мемлекеттер арасындағы дәстүрлі берік достық байланыстарды нығайтуға бағытталғанын айтты. Ол Ұйымның алдағы кезеңдегі басты міндеттерінің бірі өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелердің тиімді шешімдерін әзірлеу болатынын атап өтті.

Сондай-ақ тараптар ШЫҰ-ны реформалау тақырыбын, ұйымды кеңейту, бақылаушы мемлекеттермен, ШЫҰ-ның диалог бойынша серіктестерімен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды тереңдету мәселелерін талқылады.

Оған қоса ШЫҰ-ның 2024 жылға арналған іс-қимыл жоспары қарастырылды. Негізгі назар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары (Премьер-министрлер) кеңесі отырысының (2023 жылғы 25-26 қазан, Қырғызстан) дайындық барысына бағытталды.

Өзгелердің жаңалығы