Құрылтай депутаты Гүлісхан Нахбаева Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақовқа «Шәмші Қалдаяқов» медалін тағайындау талаптарына қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасымен отандық музыка өнерін дамытудағы ерекше еңбегі үшін «Шәмші Қалдаяқов» медалін тағайындау жоспарланып отыр. Шәмші Қалдаяқовтың есімі – ұлттың мақтанышы. Ол әрбір қазақстандық үшін өте қымбат және ең алдымен халық сүйіп айтатын әндермен байланысты. Бұл награданы беру кезінде негізгі басымдық дәл осы ән шығармашылығына және халықтың хиттерінің авторларына беріле ме? Әлде бұл медальді алу критерийлері ауқымдырақ болып, мысалы, музыкалық педагогикаға және жас таланттарды тәрбиелеуге қосылған көп жылдық еңбекті де қамти ма? – деп сұрады депутат.
Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақовтың айтуынша, «Шәмші Қалдаяқов» медалінің қамту аясы кең болады.
Бұл тек эстрадалық немесе дәстүрлі ән орындаушыларға ғана берілмейді. Композиторлар, дирижерлер, ән авторлары, сондай-ақ музыка өнеріне үлес қосқан ұстаздар мен дарынды орындаушылар да марапатқа үміткер бола алады, – деді Қанат Ысқақов.
Оның айтуынша, медальді тағайындау кезінде азаматтардың өнерге қосқан үлесі мен шығармашылық жетістіктері негізгі өлшемдердің бірі болады.
Құрылтай депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы Мемлекет басшысының Құрылтайдың бірінші шақырылымының бірінші сессиясының ашылуында мәдениет және өнер саласындағы мемлекеттік наградалар туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі берген тапсырмасын орындау үшін әзірленіп отыр.
Құжатта отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытудағы жемісті қызметі және ерекше еңбегі үшін азаматтарды марапаттауға арналған «Шәмші Қалдаяқов» медалін енгізу ұсынылады.
Сонымен қатар, бейнелеу өнеріндегі үздік туындыларымен ерекшеленген және отандық көркем мәдениетті дамытуға ерекше еңбек сіңірген қайраткерлер үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу ұсынылады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда музыка және бейнелеу өнері саласына елеулі үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік деңгейде марапаттау үшін екі жаңа награда енгізу ұсынылды. Бұл туралы Құрылтай отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырған депутат Ләззат Жылқыбаева айтты.