Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі уақытта жолаушылар автобусымен соқтығысқан электровоз Алматы-1 стансасының депосына жеткізіліп, басқа электровозбен ауыстырылды, жолаушылар пойызының құрамы өзінің маршруттық жолын 22 сағат 00 минутта жалғастырды.
Естеріңізге сала кетейік, 15 қыркүйек күні сағат 19:08-де Алматы-Шамалған өткелінде «SETRA» маркалы жолаушылар автобусы мен № 456 «Шамалған-Алматы» бағыты бойынша келе жатқан жолаушылар пойызының соқтығысу фактісі тіркелді.
Реттелетін теміржол өткелінде №43 автобус «Алматы-Қостанай» пойызымен соқтығысып қалды.
ЖКО салдарынан автобус жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.
Автобустың 3 жолаушысы түрлі жарақаттарымен Қарасай ауданының ауруханасына жеткізілді. Оның біреуі екі кішкентай баласы бар (5 және 3 жастағы) 1986 жылы туған әйел адам.
Автобустың қалған жолаушылары анықталуда.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған факті негізінде ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлімі («Автомобильді, троллейбусты, трамвайды немесе басқа да механикалық көлік құралын жүргізуші адамның абайсызда адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан және абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы») және ҚР ҚК 344-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды («темір жол, әуе, теңіз немесе өзен көлігін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін орындайтын жұмысына немесе атқаратын қызметіне байланысты осы ережелерді сақтауға міндетті адамның бұзуы, егер бұл әрекет абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге не ірі залал келтіруге әкеп соқса және абайсызда адам өліміне әкеп соқса»).
Автобуспен соқтығысқан жолаушылар пойызы электровоз және 703 жолаушысы бар 19 вагоннан тұрады.
«Тергеу барысында өткелдегі кептеліс екі бағытта да 18 сағат 30 минутта пайда болғаны анықталды. Ал 19 сағат 05 минутта бағдаршамның тыйым салатын сигналы жанып, жоғарыда көрсетілген электровоздың жақындағаны туралы алдын ала ескерту сигналы берілген. Темір жол өткелінде сол кезде автокөлік құралдары, оның ішінде жоғарыда көрсетілген жолаушылар автобусы болған. Орнатылған датчиктер өтелді бөгеу құрылғысының автоматты іске қосылуына мүмкіндік бермеді. Автобус қауіпсіз жерге келе алмады, өйткені оның алдында және артында басқа автокөлік құралдары болған», - делінген ІІМ хабарламасында.
Автоматтандырылған шлагбаум төменге шекті мөлшерге дейін түспеген. Ол жолаушылар автобусының төбесіне жақындап барып тоқтап қалған.
Автобус жүргізушісі есіктерін ашып, жолаушыларды түсіре бастады.
Жолаушылар автобусымен соқтығысқан электровоз Алматы-1 стансасының депосына жеткізіліп, басқа электровозбен ауыстырылды, жолаушылар пойызының құрамы өзінің маршруттық жолын 22 сағат 00 минутта жалғастырды.
Оқиға орнында ҚР ІІМ-нің, Алматы облысы және көліктегі департаменттердің жедел-тергеу топтары жұмыс істеуде. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады.