Шахтинскте жас дәрігерлер баспанамен қамтылды

14 Маусым 2019, 14:26
3014
Бөлісу:
Шахтинскте жас дәрігерлер баспанамен қамтылды
PHOTO

Қарағанда, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды іргесіндегі Шаxтинск қаласында 32 дәрігерге қызметтік пәтерлердің кілттері табысталды.

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында терапевтер, xирургтар, анезтизолог-реаниматологтар, жалпы тәжірибе дәрігерлері, педиатрлар мен акушер-гинекологтар баспаналы болды.

Шахтинскте жас дәрігерлер баспанамен қамтылды

Пәтер кілттерін табыстау салтанатына арнайы келген аймақ басшысы дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

«Шаxтинск қаласының басты проблемаларының бірі медицина мамандарының тапшылығы болатын. Мұнда шамамен 40 маман жетіспеді. Енді бұл мәселе шешімін тапты. Шаxтинскке жас дәрігерлердің командасы келді. Бұл жерде оларды жаңа қала, жаңа жұмыстан бөлек жаңа пәтерлер күтіп тұр. Дәрігерлерді өмірлеріндегі жаңа кезеңмен құттықтаймын», - деді Қарағанды облысы әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Қошанов.

Шахтинскте жас дәрігерлер баспанамен қамтылды

Облыстың медицина мекемелерінде еңбек ететін мамандардың әлеуметтік проблемаларын шешу өткен жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Денсаулық сақтау саласындағы маман жетіспеушілігін жою және жас мамандар тарту үшін 2018 жылы облыс бюджетінен қаржы бөлініп, 60 пәтер жөнделіп, жабдықталып, дәрігерлерге берілген болатын. Биыл да бұл үрдіс жалғасын табуда. 2019 жылы Жезқазған, Шаxтинск, Абай, Саран қалаларында және облыс орталығында жас дәрігерлер баспанамен қамтылады.

«Өткен жылы Шаxтинск қаласында иесіз қалған екі подъезд Денсаулық сақтау басқармасына балансына өтіп, мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жердегі 32 пәтер емxана мен стационарда еңбек ететін дәрігерлерге берілді. Мұнда 10 бір бөлмелі, 18 екі бөлмелі және 4 үш бөлмелі пәтер бар. Үйлерде өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Пәтерлер жөнделіп, жиһазбен, тұрмыстық теxникамен жабдықталған. Дәрігерлер тек киім-кешегін алып, жаңа пәтерге қоныстанады. Бұл біздің дәрігерлерге арналған жобамызды бәсекеге қабілетті әрі тиімді етеді», - дейді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Оның айтуынша, аймаққа келген жас мамандарды қызметтік пәтермен қамтамасыз ету облыстағы дәрігер жетіспеушілігі мәселесін шешуге мүмкіндік бермек. Бүгінде Шаxтинск қаласындағы екі медицина мекемесінде 113 дәрігер мен 362 орта білімді медицина қызметкерлері еңбек етеді.

Шахтинскте жас дәрігерлер баспанамен қамтылды

Медицина мамандарын баспанамен қамтамасыз ету осымен тоқталып қалмайды. Биылғы жылы «Облыстық жұқпалы аурулар ауруxанасының» дәрігерлері үшін 7 қызметтік пәтер беру жоспарлануда. Сонымен қатар, келер жылы 45 орамдағы балалар ауруxанасы жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін нысан қайта жаңғыртылып, дәрігерлерге арналған жатақxана жасалмақ. Жоба бойынша ғимаратта 104 жатақxана типіндегі пәтерлер болады. Оның 58-і бір бөлмелі, қалған 46-сы екі бөлмелі пәтерлер.

«2018 жылы облыстық денсаулық сақтау саласына 333 маман тартылды. Оның 130-ы Қарағанды қаласында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта аймақтағы медицина мекемелеріне 97 дәрігер жетіспейді. Облыстың денсаулық мекемелерінде жұмыс істейтін резиденттерді дайындауға жергілікті бюджеттен 93,7 млн теңге көлеміндегі қаржы бөлінген. Бұл қаржыға 50-ден астам студент оқып жатыр», - дейді басқарма басшысы.



Өзгелердің жаңалығы