Шахтадағы апат: Қаза тапқандардың отбасына қандай көмек көрсетілді

18 Қыркүйек 2023, 12:42
749
Бөлісу:
Шахтадағы апат: Қаза тапқандардың отбасына қандай көмек көрсетілді
Фото: Арман Мухатов - архив

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов 17 тамызда «Қазақстан» шахтасында қаза тапқан кеншілердің отбасына қандай көмек көрсетілгенін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр апаттан қаза тапқандардың отбасына қандай әлеуметтік қолдау көрсетілгені жайлы айтты.

«АрселорМиттал Теміртау» жерлеуді өткізу бойынша қажетті көмек көрсетті. Сондай-ақ әрбір отбасының жылдық жалақысының 10 есе мөлшерінде төлемдер берілді. Қаза тапқандардың балаларына 18 жасқа толғанға дейін және ЖОО-да оқуға түскен кезінде қаржылай қолдау көрсетіледі, - деп айтты Шәріпханов брифингте.

Министр қазіргі күні полиция Қылмыстық кодекстің 227-бабының 3-бөлігі тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, «Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес тергеу нәтижелері құқық қорғау органдарына беріледі.

17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Қазақстан» шахтасында апат болып, салдарынан бес адам қаза тапқан болатын. Сондай-ақ 16 адам әртүрлі дене жарақатын алды.

Президент зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды.

19 тамызда Үкіметтің Қаулысымен апаттың себебін анықтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Бүгін Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов комиссияның қорытындысын жариялады.

Бүгінгі күні сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы