Шахтадағы апат. Қаза болған кеншілердің отбасына пәтер беріледі

3 Қараша 2022, 17:11
2077
Бөлісу:
Шахтадағы апат. Қаза болған кеншілердің отбасына пәтер беріледі

Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Облыс әкімі бүгін орын алған апаттан зардап шеккендер мен қайтыс болған кеншілердің отбасына қандай жәрдем ұсынылатынына тоқталды.

Қаза болған кеншілердің отбасына материалдық, қаржылық көмек толығымен көрсетіледі. Қосымша әрбір отбасыға пәтер алынатын болады. Әкімшілік тарапынан психологиялық қолдау шаралары жүргізіліп жатыр, - деп атап өтті өңір басшысы. 

Айтуынша, ұжымдық шартқа сәйкес, тағы басқа өтемақылар беріледі. 

Ұжымдық келісімшарттың талаптарына сәйкес, бұл шахтерлердің 10 жылдық еңбекақысы көлемінде материалдық көмек беріледі. Одан бөлек, ол отбасыларға несиесін жабу, балаларын оқыту сынды жәрдем жасалады. Биылдан бастап ұжымдық шартта зардап шеккендердің отбасына қосымша баспана алып беру қарастырылған, - деді облыс әкімі. 

Еске сала кетейік, бүгін түнгі сағат 3-тер шамасында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Ленин атындағы шахтада апат  болған еді. Қайғылы жағдай салдарынан бес адам опат болды. Жарақат алған төрт кенші Мақажанов атындағы облыстық клиникалық ауруханада жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы