Шағын және орта бизнес нысандары жыл соңына дейін сақтандыру жарнасынан босатылды

5 Қараша 2020, 15:15
1796
Бөлісу:
Шағын және орта бизнес нысандары жыл соңына дейін сақтандыру жарнасынан босатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шағын және орта бизнес нысандары жыл соңына дейін медициналық сақтандыру төлемдерінен босатылды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Хабарламаға сүйенсек, ҚР Президентінің 14 қыркүйектегі №413 Жарлығы бойынша экономиканың пандемиядан мейлінше зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес нысандары бюджеттен тыс қорларға төленетін төлемдерден босатылған. Бизнес субъектілеріне бұған дейін де 2020 жылдың сәуірі мен қазан айлары аралығында алты айлық жеңілдіктер берілген болатын. 

Салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу міндетінен босатылған ШОБ нысандарының тізімі көктемде жасалған болатын. Олардың қатарында сауда-саттық, көлік және техникалық қызмет көрсету, білім, медицина, туризм, мейрамхана-қонақ үй бизнесі, ойын-сауық, бағдарламалық қамсыздандыру нысандары, фитнес клубтары және т.б. бар. Енді бизнесті қолдау мақсатында жеңілдік мерзімі жыл соңына дейін ұзартылып отыр, — деді филиал директоры Тілеухан Әбілдаев. 
Төлемдерден босатылған жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлерін сақтандырумен қамтамасыз етуді естен шығармағаны жөн. Қызметкерлер МӘМС пакетіне енетін медициналық қызмет түрлерін кедергісіз алуы үшін олардың тізімін Қордың ақпараттық жүйесіне енәгізіп, уақтылы жаңартып отыруы тиіс, делінген хабарламада. 

Естеріңізге сала кетсек, оңтүстік астана бойынша 116 604 шағын және орта бизнес нысанына жеңілдік берілген. 

Жалпы, жұмысшыларға қатысты мәліметті бір рет енгізсе жеткілікті. Алдағы уақытта жұмысқа жаңадан алынған және жұмыстан шыққан қызметкерлер жайлы мәліметті енгізіп отыру қажет. Ақпарат ай сайын Мемлекеттік кіріс комитетіне жолданады.



Өзгелердің жаңалығы