Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы жылдың соңына дейін шағын бизнес компанияларын салықтан босату жөніндегі заң жобасы әзірленеді.
Бұл туралы ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары - қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты.
«2019 жылдың соңына дейін микро және шағын бизнес компанияларын олардың табыстарынан 3 жыл мерзімге салық төлеуден босату жөніндегі заңнамалық негіз әзірленеді. 2020 жылдың қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге 3 жылдық тыйым салу күшіне енеді. Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі. Ол да шағын бизнесті ынталандыруға бағытталған. Сонымен қатар, қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыру, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс күшейтіледі. Капиталдарды шығарумен, салық төлеуден бас тартумен күрес қатаңдандырылады», - деді Әлихан Смайылов.
Вице-премьер президенттің салық жүйесін ұлттық табысты барынша әділ бөлуге назар аудара отырып, жаңғыртуды тапсырғанын айтты.
«Компаниялар үшін адами капиталға, еңбек өнімділігін арттыруға, техникалық қайта жарақтандыруға, экспортқа инвестиция салуға ынталандыратын ағымдағы салық жүйесінің сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылданады. Салық кодексінде көзделмеген төлемдерге, алымдарға тыйым салынады», - деді ол.