Шағым көп. Аймағамбетов науқастар терапевті күтумен уақыт өткізетінін айтты

9 Қазан 2023, 11:02
2109
Бөлісу:
Шағым көп. Аймағамбетов науқастар терапевті күтумен уақыт өткізетінін айтты
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкімет сағатында МӘМС-ке қатысты халықтың шағымын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат биыл ақпан айынан бастап барлық медициналық қызметке «шектік» шкала енгізілгенін еске салды

«Шектік» шкала – əр медициналық қызмет түрі бойынша, əр емханаға нақты белгіленген квота тəрізді механизм. Бұл əдіс қаражаттың жетіспеуіне байланысты енгізілді.

Дайындықсыз қабылданған шешімнің кесірінен, мыңдаған адам уақытылы қызмет ала алмай қалды. Нақты мысал. Осы «шектік» шкала шұғыл медициналық көмекке де тиесілі болып, ауруханалар травматологияға жедел түскен науқастарды тек қана бекітілген квотаға сəйкес алу керек болды. Ал егер олар көп түссе, бекітілген «шектік» шкаладан көп түскендер үшін ауруханаларға қаражат төленбейтін болды. Осылайша шұғыл көмек көрсетуге лимит қойылған. Бұл деген нонсенс! – деді депутат Мәжілісте.

Аймағамбетов атап өткендей, адам қолын, не аяғын қашан сындырып алатынын, кімде инфаркт болатынын, кім уланып қалатынын алдын ала қалай болжай алады?

«Шектік» шкала азаматтарымыздың бейін бойынша мамандарға көріну үшін де қиындық əкелді. Ауруханаға келген науқасқа «шектік» шкала шеңберінде осы айда ақша таусылды деп, келесі айларды күту керек» деп түсіндіру де нонсенс. Соның салдарынан халық тарапынан шағым көп түседі. Науқастар бір ай терапевтті күтеді, кейін тағы бір ай бейін бойынша дəрігерді, одан кейін тағы да терапевтке жазылып оны тағы да күтуге мəжбүр. Сөйтіп жүріп, өз қалталарынан төлеп емделеді, - деп айтты ол.

Осыған байланысты, депутаттар бірінші кезеңде «Шектік» шкаланы жетілдіріп, мекемелерге өз бюджетінің шеңберінде қаражаттарын жылжыту мүмкіндігін беру керек. Одан кейін цифрландыруды жолға қойып, тіпті «шектік» шкаланы алып тастау керек деп санайды.

Аймағамбетовтің сөзінше, ең қолайлысы - кезең-кезеңмен жартылай «қор ұстау» тетігіне келу мүмкіндігін қарастыру.

Өзгелердің жаңалығы