Павлодар облысында шағын көлшіктердегі шабақтар құтқарылуда

7 Қазан 2020, 12:41
1533
Бөлісу:
Павлодар облысында шағын көлшіктердегі шабақтар құтқарылуда
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде оқшауланған су айдындарында шабақтарды құтқару акциялары ұйымдастырылуда. 

Басты мақсат - балықтарды мұз басып қалатын тоғандардан аулап алып, өзеннің негізгі арнасына жіберу. 

Мамандардың айтуынша, ұсақ балықтар мұз астында қалып қойса, тұншығып қалады. Сондықтан күн суығанша дейін балықтарды аулап, Ертіске жіберіп үлгеру керек. Жалпы, қататын және батпақтанып кететін су айдындарында мөңке балық қана тіршілік ете алады. Ал қалғаны оттегінің жетіспеушілігінен қырылып қалуы ықтимал. 

Облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы мамандарының мәліметінше, бүгінгі таңда өңірдегі 300 өзен-көлдің 10%-ы балық шаруашылығы субъектілеріне бекітілген. Ал шағын көлдердегі балық қараусыз қалып жатыр. 

Ертіс жайылымының балық фаунасын сақтап, дамыту үшін мемлекеттік деңгейдегі қолдау қажет. Балықтардың бағалы түрлерін көбейту керек. Сонда ғана көлдерімізді батпақтанудан құтқарамыз. Қаржыландыру тұрақты болса, арнайы бригадалардың саны артар еді. Ғалымдардың есептеуінше, Ертіс өзенінің аумағында жыл сайын жүздеген оқшауланған көлшіктер пайда болады. Олар табиғат қорғау мақсатындағы су босату кезінде суға толып, Ертістің негізгі арнасынан ажырап қалады. Ал осындай тоғандарда ондаған балық түрі мекендейді, - дейді инспекцияның бөлім басшысы Серік Апсаликов. 

Бүгінгі таңда облыста балық шаруашылығымен айналысатын 27 нысан бар. Олардың қарамағында 57 көл бар. Табиғат пайдаланушылар келісімшарт негізінде балықтандыру жұмыстарымен айналысулары тиіс. 

Балықтандыру жұмыстары Баянауыл ауданында да қолға алынған. Осы күзде Сабындыкөл мен Торайғыр көлдеріне 145 мың тұқы шабағы босатылған.

Өзгелердің жаңалығы