ШҚО жол жөндеу жұмыстарын жүргізуде көш бастап тұр

30 Сәуір 2020, 19:39
1623
Бөлісу:
ШҚО жол жөндеу жұмыстарын жүргізуде көш бастап тұр

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс өңіріне жұмыс сапарымен келген еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов аймақтағы күре жолдардың құрылыс жұмыстары барысымен танысты.

Министр облыс әкімі Даниал Ахметовпен Жарма ауданына атбасын бұрып, "Қалбатау-Өскемен" және "Қалбатау-Майқапшағай" жол бөліктерінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көзбен көріп қайтты.

Бүгінгі жұмыс сапарым кездейсоқтық емес. Негізгі мақсат - әр жол жөндеуші компанияның жұмыстарын көзбен көріп, жұмыс сапасына көңіл аудару, - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Министр ең алдымен облыс орталығы мен Қалбатау ауылын байланыстыратын жол бөлігіне көңіл бөлді. Мұндағы мердігер "Тодини Централ Азия" компаниясының басшылығы жұмыстың кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқандығын алға тартып, үлкен қолдау танытып отырған облыс әкіміне алғыс білдірді.

Өткен жылы 65 шақырым жолға асфальт төседік. Биыл сәтін салса 123 шақырым жолды қолданысқа береміз. Қазіргі уақытта учаскелердегі жұмыстар басталып, асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде, - дейді "ТодиниКонструциониДженерали СпА" АҚ вице-президенті Ахмет Будан.

Министр аталған күре жолдың Қалбатау ауылынан басталатын бөлігіне жауапты мердігердің есебін тыңдап, жауапты компанияға жұмыстың уақытылы әрі сапалы атқарылуы қажет екендігін айтты. Сол сияқты, аймақта жол құрылыстары қарқын алмай тұрған шақта құрылыс материалдарымен барынша толық қамтамасыз етіп, қор жасақтау жөнінде тапсырма берді.

Бұдан бөлек, министр мырза "Алматы-Өскемен" тасжолының Аягөз ауданынан өтетін бөліктерін де аралап, 880 шақырымдық жолды жөндеп жатқан Шығыс Қазақстанның аталмыш салада көш бастап тұрғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар министр жуықта Аягөз қаласында ашылуы көзделген кардиологиялық орталық пен 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысып қайтты.

Өзгелердің жаңалығы